Грузияда коронавирусқа қарсы вакцина егу 15 наурызда басталады
ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат - 15 наурызда Грузия бойынша 29 клиникада коронавирусқа қарсы вакцина егу басталады. Бұл туралы осы елдің Ұлттық ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Амиран Гамкрелидзе мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат «Новости-Грузия» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Тбилисиде осындай 10 вакцинация орталығы болады, Кутаиси мен Батумиде төртеу, Рустави мен Зугдидиде екеу, ал басқа аудан орталықтарында біреуден. 17 наурызда тағы 35 мекеме, ал 19 наурызда тағы 23 мекеме қосылады. Осылайша, бір аптадан кейін вакцинация процесі елдің барлық муниципалдық орталықтарына таралады», - деді Гамкрелидзе.
13 наурызда COVID-19 вакцинасының бірінші партиясы - AstraZeneca-SKBio препаратының 43,2 мың дозасы Тбилисиге жеткізілді.
Ұлттық жоспарға сәйкес, Грузияда ең алдымен соңғы 120 күнде коронавируспен ауырмаған медициналық қызметкерлері вакцинациядан өтеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл елде олардың саны – 54 мың.
AstraZeneca вакцинасының Грузияға келесі жеткізілімі (86,4 мың доза) сәуір айына жоспарланып отыр. Алдағы апталарда елге америка-германиялық Pfizer-BioNTech консорциумынан шамамен 30 мың доза вакцина жеткізілуі керек. Дәрігерлерді вакциналау біткеннен кейін бенефициарлар мен қарттар үйінің қызметкерлеріне, содан кейін - 75 жастан асқан барлық азаматтарға екпе егіле бастайды.