Грузияда Кутаиси, Батуми және Гурджаани қалалары су астында қалды
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Ұзаққа созылған нөсерлі жаңбырдың және өзеннің арнадан тасуы салдарынан Грузияның батысында орналасқан Кутаиси және Батуми қалаларын, елдің шығысында орналасқан Кахетин өңіріндегі Гурджаани қаласын су басып қалды.
Сондай-ақ Гурджаани - Тбилиси көлік магистралінің орталық учаскелерінің бірі су астында қалды, деп хабарлады Утро. ру.
Грузиндік БАҚ-тың мәліметтеріне көз жүгіртсек, электр өткізу жүйлері зақымдалған, бірқатар аудандарда ауыз судың берілуі тоқтатылды. Гурджаани қаласы мен шет аймақтағы ауылдарда егін мен үй құстары қырылуда. Оған қоса көліктер де су астында қалды.
Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үйлердің бірінші қабаттарынан және көшелерден суды сору жұмыстарын атқаруда. Оқиға орындарында келтірілген шығынды есептеу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Синоптиктердің болжамы бойынша, жаңбырлы ауа райы Тбилисиді қоса алғанда, Грузияның барлық аумағында 14 шілдеге дейін сақталады.