Грузияда Ресей шекарасына баратын жолдағы 426 метрлік көпір салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Грузияда Ресей шекарасына апаратын Жинвали-Ларси жолының бөлігі Квешети-Коби тас жолындағы күрделі инженерлік құрылыс аяқталуға жақын, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы меншікті тілшісі.
426 метрлік аркалы көпір 166 метр биікте орналасқан.
Грузия автомобиль жолдары департаментінің мәліметі бойынша, әлі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көпір 23 шақырымдық Квешети-Коби жобасының ең күрделі бөлігі. Көпір аркасының өзі 285 метр. Жоба материалдарына сүйенсек, бұған дейін Грузияда мұндай күрделі инженерлік құрылыс салынбаған.
Жоба аясында бес көпір мен бес туннель салынады, сондай-ақ қолданыстағы бір көпір қайта салынады. Туннельдердің жалпы ұзындығы 11,5 шақырым. 9 шақырымдық негізгі туннель мен оған параллель эвакуациялық туннель құрылысы аяқталған, электромеханикалық жүйелер орнатылып жатыр.
Жоба Грузияның Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің бөлігі болып табылатын Жинвали-Ларси жолында жүзеге асырылып отыр. Жаңа 23 шақырымдық жол жыл бойы көлік қозғалысын қамтамасыз етуге және учаске бойындағы қауіпсіздікті жақсартуға арналған. Қазіргі уақытта климаттық жағдайына байланысты бұл аймақтағы жолдар жылына орта есеппен 100 күн бойы пайдаланылмай келеді.
Жоба аяқталғаннан кейін Квешети мен Коби арасындағы 1 сағаттық жол 15 минутқа дейін қысқарады. Грузия билігі сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің транзиттік әлеуетін арттыруға күш салмақ.
Жобаның жалпы құны шамамен 1,24 миллиард лари (219,9 миллиард теңге). Оны Азия даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің қатысуымен Грузияның мемлекеттік бюджеті қаржыландырып отыр. Грузия билігі жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтамақ.
Өткен айда Грузияда ең биік зәулім ғимараттың жобасы таныстырылған болатын.