Грузияда V–VI ғасырларға тиесілі көне сарай табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Грузия археологтары Марнеули муниципалитетінен V–VI ғасырларға жататын көне сарайдың қалдықтарын тапты. Алдын ала болжам бойынша, ғимарат жергілікті билеушіге немесе ақсүйектер әулетінің өкіліне тиесілі болған, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Бұл туралы Грузияның Мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық агенттігі мәлімдеді.
Археологиялық қазба жұмыстары Марнеули муниципалитетіне қарасты Меоре Кесало ауылында жүргізіліп жатыр. Табылған нысан өзен маңындағы жарқабақтың шетінде орналасқан ежелгі ғимарат қабырғаларының аласа іргетасынан тұрады. Мамандардың алдын ала бағалауынша, бұл жергілікті билеушінің немесе атақты әулет өкілінің сарайы болған.
Қазір кешеннің жаңа учаскелерінде археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар қабырғаларды, шатыр жабындысының тақтайшалары жатқан қабаттарды және көне бөлмелердің едендерін тазартуды жоспарлап отыр.
Сарайды зерттеуге қатысып жатқан археолог Давид Миндорашвилидің айтуынша, ғимарат бірнеше бөлмеден, дәліздер мен қойма орындарынан тұрған. Сондай-ақ ол бірыңғай жоспар бойынша салынған.
Археологтың атап өтуінше, Грузияда бұған дейін мұндай ауқымдағы сарай табылмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Германияда көл түбінен ежелгі қоныстың іздері табылған еді.