Грузияда жоғалып кеткен қазақстандықтың достары жеке іздеушілерді жалдауға қаражат жинап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузияда жоғалып кеткен Сергей Трофимовтың достары биліктен күдер үзіп, жеке іздеушілерді жалдауға қаражат жинап жатыр.
Әнуар Дүйсенбинов өзінің Фейсбук парақшасына Грузия ТЖМ тарапынан іздеу жұмыстарының тоқтатылғанын, ал ҚР СІМ Сергейдің телефонындағы соңғы геолокация нүктелерін анықтауды әлі қолға алмағанын жазды.
«Бүгін Грузиядағы бұрынғы ТЖМ қызметкері басқаратын іздеу тобын ақшаға жалдауды ұйғардық және сіздерден сол қаражатты жинауға көмек сұраймыз. Бұл іздеу. Грузия ТЖМ бұрынғы қызметкері басқаратын тәжірибесі мол төрт альпинистен құралған топ, аты-жөндерін әлі білмеймін. Тек қызметтің ақылы екенін білемін. Бес күн іздеу жұмыстары шамамен 3 000 АҚШ доллары тұрады. Әрине, ақшаны қайда жұмсағанымды көрсетіп, есеп беріп тұрамын. Қаражат сомасы жиналғанда, құжаттар мен дәлелдерді Фейсбукке саламын», - деп жазған.
Ә.Дүйсенбинов Грузия ТЖМ белсенді іздеу жұмыстары үш күнге ғана созылғанын жазды. Кейін жұбайы Евгения Рябухина мен досы Роман Ганюшиннің айтуынша, араға күн салып, 1-2 адам іздеген. ТЖМ қауіпті аудандарды қарап шықты, ал одан да қауіпті жерлерге барғысы келмейді. Қалған аудандарды қарап шығудың еш мәні жоқ деп санайды. Әзірге іздеу жұмыстары тоқтатылды. ҚР Елшісі Сергейдің телефонындағы соңғы геолокация жайлы ақпаратты ала алмады. Себебін еш түсіндірген жоқ.
«Лиза Алерт» ұйымымен бірігіп жұмыс істеу де еш нәтиже берген жоқ. Естеріңізге сала кетейін, бірнеше күн бұрын сол аймақтағы еріктілер тобы біздің жағдайымызды естіп, Ушуглиға келді. Бірақ бұл еріктілер іздеуге шыққан жоқ, бірнеше орынды кеңестер берді, бұл да маңызды», - деп атап өтті С.Трофимовтың досы.
ҚР Сыртқы істер министрлігі қолдан келгенше тырысып жатқандарын айтты. Әзірге СІМ қызметкерлері С.Трофимов жайлы соңғы ақпараттарды жинауда.
Айта кетейік, Ә.Дүйсенбинов әлеуметтік желіде алдымен дабыл қақты. 23 шілдеден бері Сергеймен байланыса алмай отырғанын айтты. 6 шілде күні Қазақстан мен Ресейге автокөлікпен саяхат жасап жүрген Сергей Грузияға барған. Грузиядағы Боржоми, Кутаиси, Сванетии, Местия және Ушгулиде болған.