Грузиялық инвесторлар Қазақстанға $400 млн қаржы құйды – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан пен Грузия арасында инвестициялық әріптестік үрдісі артып келеді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты. 

Грузиялық инвесторлар Қазақстанға $400 млн қаржы құйды – Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

— Грузия — Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. Осы орайда екі ел арасында инвестициялық әріптестік үрдісі артып келе жатқанын атап өту керек. Соңғы 20 жыл ішінде грузиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына 400 млн доллардан астам қаржы құйды, өз кезегінде біздің елдің кәсіпкерлері бұл елге 620 млн доллардай инвестиция салды. Біз бұдан кейін де инвестициялық әріптестікті арттырамыз және елдегі бизнес-ахуалды жақсарта түспекпіз, - деді ол Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөз барысында.

Грузиялық инвесторлар Қазақстанға $400 млн қаржы құйды – Бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

Сондай-ақ Үкімет басшысы өзара сауда-саттық көлемінің артуы екі ел арасындағы ықпалдастықтың маңызды аспектісі екенін атап өтті.

— Қазіргі әлемдегі ахуалға және тауар жеткізудің жаһандық тізбегінің түрленуіне қарамастан біз бірлесе отырып екі елдің сауда-саттық қарым-қатынасын арттырмақпыз. Біз Грузияға жеткізілетін тауарлар тізіміне жаңа шикізаттық емес тауар түрлерінің қосылып жатқанына қуаныштымыз, - деді Олжас Бектенов. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Грузияда Қазақстанның жаңа Құрметті консулдығы ашылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар