GSM Қазақстан/Kcell 1 желтоқсаннан бастап Алматы мен Астанада 3G қызметін іске қосады
АТЫ. 29 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - GSM Қазақстан/Kcell 1 желтоқсаннан бастап Алматы мен Астана қалаларында 3G қызметін іске қосады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компанияның бас атқарушы директоры Вайсел Арал мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Астана мен Алматы қалаларында керек жабдықтар орнатылып, 90 стансы құрылған. «Алдағы желтоқсаннан бастап 3G қызметін енгізуге толық дайынбыз», - деді В.Арал.
3G Kcell, activ абоненттері арасында интернетке жоғары жылдамдықпен қатынау, электронды поштамен, файл қосымшаларымен, онлайн ойындармен жұмыс жасау жылдамдығын жоғарлатады. Сондай-ақ бейне қоңырауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
В.Аралдың айтуынша, интернет құны 1 МБ үшін 2,3 теңгеден 11,8 теңгеге дейін болса, интернет қоңырау құны әдеттегі дауыс қоңырау құнымен өлшенеді. Сондай-ақ 2011 жылдан бастап еліміздің қалған аймақтарында да іске қосыла бастамақ.
Естеріңізге сала кетейік, ұялы байланыстың үшінші ұрпағын бүгінде әлемнің 152 елі қолданады. Өткен аптада Билайн ұялы байланысын ұсынатын «Кар-Тел»ЖШС өкілдері де 1 желтоқсаннан бастап 3G-ді іске қосатынын мәлімдеген еді.