GSM Қазақстан/Kcell Байланыс және ақпарат министрлігінің ұялы байланыс қызметін төмендету туралы іс-қимылын қолдайды - компания өкілі
АЛМАТЫ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторы Байланыс және ақпарат министрлігінің ұялы байланыс қызметін төмендету туралы іс-қимылын қолдайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компанияның маркетинг жөніндегі директоры Каспарс Кукелис айтты.
Оның айтуынша, компания тарапынан соңғы 3 жылда тарифтерді төмендету жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Мәселен 2008 жылы Activ-тің барлық тарифтері 20 пайызға төмендетілген. Ал 2009 жылы 5 тариф бойынша 1 минут құны желі ішінде 9 теңгеге, 191 халықаралық бағыт бойынша қоңыраулар құны 2,5 есеге, роумингте қоңырау шалу құны 50 пайызға төмендетілген. Ал ұялы интернет құны 1 Мегабайт үшін 2,32 теңгені құраған. Ал биылғы жылы аймақтық 4 тариф бойынша желі ішіндегі қоңырау құны 1 теңгеге дейін, әлемнің 100 елі бойынша роумингте кіріс қоңырауларының бағасы 50 теңгеге дейін төмендетілген.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан он күн бұрын ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев байланыс операторларының кеңесі өкілдерімен кездесуі барысында тарифтерді төмендету мәселесін көтерген болатын. Каспарс Кукелис министрліктің бастамасын қолдау бағытында төмендетілген жаңа тарифтік жобаларды жүзеге асыратындықтарын атап өтті.