GTA VI-ға деген қызығушылықтың сыры неде
АСТАНА. KAZINFORM — GTA VI-ға деген қызығушылықты тек ойынның техникалық мүмкіндіктерімен түсіндіру жеткіліксіз. Көпшілік үшін бұл – балалық шақпен, жастық кезеңмен және бұрынғы ойындармен байланысты естеліктердің қайта оралуы.
Grand Mobile мобильді ойынының PR-директоры Батырхан Тоғайбаевтың айтуынша, GTA-ның әр бөлімімен бірге өскен ойыншылар жаңа туындыдан жай ғана ойын күтпейді. Олар өздері бұрын таныс болған әлемге қайта оралғысы келеді.
– Бұл ойынды әлем бойынша 13 жыл күтті. Осы уақыт ішінде тұтас бір ұрпақ өсті. Олардың көбі GTA-ның әртүрлі бөлімдерін ойнап өсті. Сондықтан жұрт жаңа ойынды ғана күтіп отырған жоқ. Олар бұрын өздері болған әлемге, балалық шағына немесе жастау кезіне тән сезімдерге қайта оралғысы келеді, – дейді Батырхан Тоғайбаев.
Оның пікірінше, GTA VI-ның шығуы әлдеқашан қарапайым ойын релизінің шеңберінен шыққан. Бұл – ойын индустриясына қызығушылығы жоқ адамдардың өзі талқылайтын оқиға. Мұндай қызығушылықтың қалыптасуына серияның ұзақ тарихы, ойын әлемінің ерекшелігі, қоғамдағы мәдени ықпалы және әр бөлімнің өз дәуірімен бірге жаңарып отыруы әсер етеді.
GTA VI үшін жұмысынан демалыс алғандар да бар
Ойынның шығуына байланысты кейбір жанкүйерлер жұмыс кестесін алдын ала өзгертіп, демалыс күндерін жоспарлаған. АҚШ-тағы BambooHR платформасының мәліметінше, GTA VI шыққан күні қызметкерлердің демалыс сұраған өтініштері әдеттегі деңгейден 13 пайызға жоғары болған. UKG компаниясы да демалыс күндерін сұрағандар саны шамамен 20 пайызға артқанын хабарлаған.
Мың америкалық ойыншы қатысқан сауалнамада олардың 39 пайызы GTA VI үшін ақылы демалыс алуды жоспарлаған. 32 пайызы үйден жұмыс істеуге ниетті екенін, ал 36 пайызы ойын ойнау үшін аурухана парағын алуды ойлағанын айтқан. Сауалнамаға қатысушылар бірнеше жауап нұсқасын таңдай алған.
BrightHR британдық компаниясының бағалауынша, ойынның шығуына байланысты қызметкерлердің жұмысқа келмеуі жұмыс берушілерге шамамен 12,4 млн фунт стерлинг (16,4 млн доллар) шығын әкелуі мүмкін. Алайда бұл – алдын ала болжам, нақты есептелген шығын емес.
Батырхан Тоғайбаев мұндай қызу қызығушылық ұзаққа созылмайды деп есептейді. Оның пікірінше, алғашқы күндері GTA VI ойын әлеміндегі басты тақырыпқа айналып, кейін аудиторияның назары біртіндеп басқа жобаларға да ауысады.
– Алғашқы күндері әлеуметтік желілерде мыңдаған жарияланым болады, стримдер GTA-ға арналады, жұрт әсерін бөлісіп, ойын туралы пікірталас жүргізеді. Басқа жобалар уақытша екінші орынға ығысады. Ойын студияларының релиз күнтізбесіне қарасаңыз, қараша айында ірі жобалардың аз екенін байқауға болады. Ешкім GTA-мен бір уақытта өз ойын шығарғысы келмейді, – деді ол.
Бұл ойынның нарықтағы ықпалын да аңғартады. Ірі студиялардың релиз күнін таңдауы, жарнамалық науқаны мен аудиторияны жинау стратегиясы GTA VI сияқты ауқымды жобалардың шығу мерзіміне қарай өзгеруі мүмкін.
Rockstar Games ойыншылардың үмітін ақтай алды ма?
GTA VI шыққанға дейін ойыншылар трейлерлерді қайта-қайта қарап, сюжетке қатысты болжамдар жасап, ойын әлемінің мүмкіндіктерін талқылады. 13 жыл бойы қалыптасқан үмітті ақтау Rockstar Games үшін оңай міндет емес.
Батырхан Тоғайбаев компания ойыншылардың сұранысын ескеріп, жаңа бөлімді жай ғана кезекті туынды ретінде ұсынбайтынына сенімді. Оның пікірінше, ойынның алғашқы күндерінде аудитория техникалық сипаттамалардан гөрі, көптен күткен жаңа әлеммен танысуға көбірек мән береді.
– Rockstar Games жұрттың күткенін ақтау үшін жай ғана бір ойын шығара салмайды. Әрине, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес, әркім GTA VI-дан өзіне керегін күтеді. Бірақ алғашқы күндері ойыншылар техникалық сипаттамаларға немесе секундына түсетін кадр санына аса мән бермейді деп ойлаймын. Олар бұл ойынды 13 жыл күтті. Сондықтан енді оны ойнауға асығады, – деді ол.
Оның пікірінше, ұзақ күткен аудитория үшін алғашқы әсер мен ойын әлеміне қайта ену сезімі техникалық көрсеткіштерден маңыздырақ болуы мүмкін.
Қазақстандық режиссердің GTA VI жобасына қатысуы
GTA VI-ның халықаралық жарнамалық жобасына қазақстандық режиссер Медет Шаяхметов те қатысты. Ол Rockstar Games пен америкалық Andrew Miami бренді бірлесіп шығарған капсулалық киім топтамасына арналған промороликті түсірді. Жарнамалық роликте неон жарықтары, түнгі қала, жағажай, қымбат көліктер мен көше мәдениеті бейнеленген.
Медет Шаяхметов – қазақстандық режиссер әрі клипмейкер, PBC Worldwide халықаралық продакшн компаниясының негізін қалаушы. Ол Kanye West, Chief Keef, Скриптонит, Jah Khalib, Элджей және Era Istrefi секілді музыканттардың бейнежобаларына қатысқан. 2026 жылы Instagram Rings марапатына ие болған 25 креатордың қатарына енді.
Қазақстандық ойыншылар үшін де GTA VI – маңызды релиз
GTA VI-ның шығуы Қазақстандағы ойыншылар арасында да қызу талқыланды. Дегенмен отандық геймерлердің халықаралық платформаларға қолжетімділігі мен төлем жасау мүмкіндігі әлі де өзекті мәселелердің бірі.
Қазақстан PlayStation Store-да жеке аймақ ретінде ұсынылмайды. Сондықтан бірқатар ойыншы басқа елдердің аккаунттарын пайдаланып, ойындарды сатып алуға мәжбүр. GTA VI шыққан кезде әлеуметтік желілерде аккаунт аймағын таңдау, төлем тәсілдері мен ойынның бағасы кеңінен талқыланды.
Бұл цифрлық нарықтағы қолжетімділік мәселесін қайта көтереді. Халықаралық ойын платформаларының Қазақстанда толыққанды қызмет көрсетуі пайдаланушылар үшін сатып алу процесін жеңілдетіп қана қоймай, цифрлық қызметтер нарығының дамуына да ықпал етуі мүмкін.
GTA VI – ойын индустриясының ауқымын көрсеткен оқиға
GTA VI-ның алғашқы тәуліктегі сатылымы, стриминг платформаларындағы көрермен саны, ойынға байланысты демалыс жоспарлаған қызметкерлер және халықаралық жарнамалық жобаларға қатысқан шығармашылық мамандар – бұл релиздің ауқымын айқындайтын жайттар.
Срапшы Батырхан Тоғайбаевтың пікірінше, GTA VI-ға деген қызығушылықтың бір себебі – ойынның бірнеше ұрпаққа ортақ естелікке айналуы. 13 жыл бойы сериямен бірге өскен аудитория жаңа бөлімнен тек ойын механикасын емес, бұрынғы әсерін қайта сезінуді де күтті.
Қазақстан үшін бұл оқиға халықаралық ойын нарығына қолжетімділік, цифрлық сауда, салық және отандық шығармашылық мамандардың жаһандық жобаларға қатысу мүмкіндігі тұрғысынан да маңызды.
GTA VI-ның шығуы ойын индустриясының бүгінгі таңда мәдениетке, экономикаға және интернеттегі қоғамдық талқылауға ықпал ете алатын ауқымды салаға айналғанын көрсетті.
Бұған дейін GTA VI ойыны АҚШ экономикасына 1 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін екенін жазған едік.