Гуанчжоуда өтетін жазғы Азия ойындарында қазақ боксшылары екі алтын алуды көздеп отыр
АЛМАТЫ. 9 Қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Гуанчжоуда өтетін XVI жазғы Азия ойындарына қатысатын Бокстан Қазақстан құрамасы кем дегенде 2 алтын медаль алуды көздейді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында бокстан Қазақтан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айтты.
«Қазақстан намысын ерлер құрамасынан 10, қыздар құрамасынан 3 боксшы қорғайды. Бұл жолы командаға негізінен жастар жинақталды. Бұлардың алтауы биыл Қазақстан чемпионы атанғандар. Тәжірибелі боксшылардан Бейжің олимпиадасына қатысқан Біржан Жақыпов пен Серік Сәпиев бар. Жалпы біздің алдымызға 5-6 медаль, оның ішінде 2 алтын жүлде алу мақсаты тұр. Боксшылардың барлығы 4-5 халықаралық жарыстарға қатысып, 14-15-тен кездесулер өткізді. Жалпы боксшыларымыздың дайындығы жақсы деңгейде, барлығы медаль үшін жұдырықтасуға дайын. Алдағы додада 64, 69, 91 келі салмақтардан алтын күтеміз»,- деді М.Айтжанов.
Естеріңізге сала кетейік XVI жазғы Азия ойындары Қытайдың Гуаңжоу қаласында 12-27 қараша аралығында өтеді. Өз тарихында рекордтық көрсеткіш көрсетіп, 10 мың спортшы қатысады деп болжанған ойындар барысында спорттың 42 түрі бойынша 473 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Ойындарда Қазақстан намысын 363 спортшы қорғайды. Оның 13-і боксшылар. Бұлардың қатарында 49 келіде Біржан Жақыпов, 52 келіде Мирас Жақыпов, 56 келіде Данияр Төлегенов, 60 келіде Самат Башенов, 64 келіде Данияр Елеусінов, 69 келіде Серік Сәпиев, 75 келіде Данабек Сужанов, 81 келіде Алмат Серімов, 91 келіде Василий Левит, 91 келіден жоғары салмақта Иван Дычко, қыздар құрамасынан 51 келіде Жайна Шекербекова, 60 келіде Саида Хасенова, 75 келіде Марина Вольнова бар.