Гүлдара Нұрымова еліміздегі шағын дәріханалар не себепті жабылып жатқанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Гүлдара Нұрымова еліміздегі шағын дәріханалар GPP халықаралық стандартына сәйкес болмауы салдарынан жабылып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықпен кездесулер кезінде шағын немесе ауылдарда орналасқан дәріханалар иелері 2023 жылдан бастап GPP халықаралық стандартына сәйкес болудың қиындықтарына қатысты мәселені көтерді. Елімізде 10,5 мың дәріхана болса, олардың тек 8 пайызы ғана GPP талаптарына сәйкес келеді. Осы талаптың кесірінен шағын дәріханалар жабылуға мәжбүр, ал олардың қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырмақ. Бүгінгі таңда 150 дәріхана жабылды және 300-ге жуық дәріхана жұмысын тоқтатуы мүмкін. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш тек өсе бермек», - деді Г. Нұрымова Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, елдегі дәріханалар үшін қолданыстағы ережелер мен нормалар жеткілікті. Тағы да басқа талаптар мен ережелерді енгізудің қажеті жоқ.

«Барлық қолданыстағы дәріханаларда лицензия бар және санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына сай дәрінің дұрыс сақталуы үшін қажет жағдайлардың барлығы сақталған. Бірақ осыған қоса, тағы қосымша талаптар енгізілмек. Бір дәріханаға GPP стандарттарын енгізу шамамен 5 миллион теңгені құрайды. Стандарт қымбат жабдықты қосымша сатып алуды, жиһазды жаңартуды талап етеді. Аталған стандартты енгізу дәрі-дәрмектің құнына қатты әсер етеді - баға кем дегенде 27-30% көтеріледі. Кейбір дәрі-дәрмектер сатылымнан жоғалады және бұл адамдардың денсаулығына кері әсер ететіні сөзсіз», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, бұл талаптар нарықтың монополиялануына, дәрілердің көлеңкелі нарығының ұлғаюына, жұмыссыздықтың артуына, салық түсімдерінің азаюына алып келеді.

«GPP стандартын енгізуді талап ететін қосымша бюрократия не үшін қажет? Жоғарыда айтылғандар негізінде, GPP стандартын енгізуді ерікті түрде жүргізу мүмкіндігін ұсынамыз», - деді Гүлдара Нұрымова.


Соңғы жаңалықтар