Гүлқасима Сүйінтаева: Конституция мәжбүрлі некеге қарсы құқықтық негіз қалыптастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасында некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекіту ұсынылып отыр. Бұл мәжбүрлі некеге қарсы қосымша құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева айтты. 

отбасы ажырасу үйлену
Коллаж: Kazinform / Freepik

— Неке тек ерікті болуы тиіс және мемлекетте ресми тіркелуі қажет. Бұл әйелдердің құқықығын қорғауды күшейтеді және кез келген мәжбүрлеу әрекетінің алдын алуға құқықтық негіз береді, — деді ол.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырып, қоғам сенімін күшейтетін нормаларды да қарастырады. Сонымен қатар құжат экономиканы дамытуға, инвестиция тартуға, білім мен инновацияны қолдауға құқықтық негіз жасайды.

— Жаңа Ата заң азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар бір палаталы парламент пен Халық кеңесі институты арқылы қоғамдық қатысуды қамтамасыз етеді. Конституцияда халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі болып, адам құқықтары басты басымдық ретінде бекітілген, — деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Сонымен қатар, Конституцияда жер мен табиғатты қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау, егемендік пен тәуелсіздікті нығайту принциптері бекітілген. Бұл елдің тұрақты дамуына және әділ қоғам қалыптастыруға берік құқықтық негіз болады.

Айта кетейік, Мемлекеттік кеңесші неліктен жаңа Конституция қабылдау қажет екенін түсіндірген еді.

 

Соңғы жаңалықтар