Гүлмира Әбдірайымова: Жастарды қалай түсіндік?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі қоғамның өзгерген бейнесі туралы сөз қозғағанда, ендігінің құндылықтарын ертеңге жалғайтын жастардың келбеті алаңдататыны рас. Аға буын тарапынан жастарға қатысты кінә артатын сөз айтылғанымен, сол әкелер балалардың жүрегіне қаншалықты үңіліп, жастарды қаншалықты түсініп жүр? «Қазіргі кезеңдегі жастардың дүниетанымдық және рухани құндылықтары: қазіргі күйі, негізгі мәселелері, шешу жолдары» атты зерттеу қорытындысында жастардың басты мәселелері не екенін, олардың ой-арманы мен қазіргі ұстанған бағытын әлеуметтанушының көзқарасымен білу мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚҰУ Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, социология ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Серікқызы Әбдірайымовамен сөйлескен едік...
None
None

- Жастардың дүниетанымдық және рухани құндылықтары біздің қоғамды қаншалықты алаңдатып отыр деп ойлайсыз? Жастардың бүгінгі жай-күйін әлеуметтік тұрғыда зерттеудің маңызы неде?

- Қазіргі Қазақстан жастары жеке, өз бетінше өмір сүруді өте жауапты сәтте бастайтыны баршамызға мәлім. Экономика, саясат, білім және мәдениет салаларындағы институционалды өзгерістердің қайсыбірі болсын, жастардың өмір сүру жағдайындағы өзгерістерге үздіксіз әсер етіп отырады. Жоғарғы әлеуметтік мобильділік жағдайында жастар және олардың құндылықтық көзқарастары түрлі өзгеріске ұшырап, кедергілерге жолығып жатады. Бұл өзгеріске ең алдымен құндылық жүйесінің құрылымы ұшырайды. Құндылықтардың бірі жастардың санасында жоғары дәрежеге ие болса, кейбірі екінші орынға ысырылып тасталады. Әсіресе, жастардың дүниетанымдық және рухани құндылықтарына әсер ететін жағдайлар ерекше маңызға ие. Ол - халықтың ұлттық сана-сезімі мен мәдени бірегейлік аясын кеңейтетін бағыт. Бұл үрдісте «мәдени дәстүр», «тәрбие» және «әлеуметтік орта» үшеуінің қайсысының маңызы жоғарырақ екенін нақты түсініп алуымыз керек. Осыған орай, жастардың мінез-құлқы мен әлеуметтік көңіл-күйін зерттеп, осы тұрғыда әлеуметтанулық зерттеулер жүргізе отырып, болжамдар жасап, мәселелерді шешу жолдарын ұсыну қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Әлеуметтік зерттеулер мен әлеуметтік инжиниринг орталығы ҚР БжҒМ жаныңдағы Философия, саясаттану және дінтану институтының «Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтары мен идеалдары» тақырыптық жоспары аясында «Қазіргі кезеңдегі жастардың дүниетанымдық және рухани құндылықтары: қазіргі күйі, негізгі мәселелері, шешу жолдары» атты қызықты әлеуметтанулық зерттеу жүргізді. Сауалнамаға жынысы, жасы, ұлты, отбасылық жағдайы, балалары, білім деңгейі, жұмысбастылық түрі, діні, материалдық жағдайы, тұрғылықты жері бойынша 15 пен 29 аралығындағы түрлі топтарды қамтитын 1000 респондент қатысты. - Бұл социологиялық зерттеулердің нәтижесінде жастардың ортақ әлеуметтік-рухани, мәдени портретін жасауға бола ма? Зерттеу нәтижесінде жастардың бейнесін қалыптастыруда қандай қателіктер жібердік, шүкіршілік ететін қандай тұстарымыз бар екенін айтып өтсеңіз. - Қазақстан жастарының әлеуметтік бейнесі екіжақты болып келеді. Бір жағынан, жүргізілген зерттеулер Қазақстан жастарының көбіне гуманистік құндылықтарға бағытталғанын дәлелдейді. Дүниетанымдық көзқарастардың ішінде алдыңғы саптағы үштікке «Байлыққа қол жеткізу мен өз елінің көркеюі (49%); Мемлекеттің қауіпсіздігі (46%); тыныштық пен адамдардың бақыты (42%)» секілді құндылықтар кіреді. Қазақстандық жастар сапалы білім алу, қалаған мамандығына қол жеткізу, жақсы маман болу, кез-келген нәрсеге адал еңбекпен қол жеткізу, еркін әрі тәуелсіз болу сынды құндылықтарды өте маңызды деп есептейді. Бұл нәтижелер өскелең ұрпаққа нарықтық өзгерістердің, оның ішінде экономикалық бастамалар, іскерлік және өз ісін ашу секілді идеялардың таңсық емесін дәлелдейді. Еңбек құндылығы жастардың өзін-өзі қалыптастыру әдісі ретінде маңызы артып отыр. Қазіргі таңда материалды игіліктерге қол жеткізу мен тәуелсіз болуға ұмтылуды игі бағыттағы мақсаттардың қатарына жатқызуға болады. Дегенмен, жастардың өмірлік ұстанымдары тұрақсыз. Кей жастарда прагматизм мен рационализм деңгейінің жоғарылығы, «жеңіл табысқа» ұмтылу мен тұтынушылық психологияға жақындық байқалады. Бұл аталған мәселелер жинала келе, жастардың бойында тұлғалық құндылыққа айналып кету қаупі бар. Жеке өмірлік мотивтер мен экономикалық мақсаттар жоғары рөлге ие. Қазіргі жастардың құндылықты бағыттарының ішінде басымдыққа амал-әрекеттер құндылығы ие. Мәселен, Қазақстан жастарының жаңа құндылықтарының ішінде «экономикалық» құндылықтар, оның ішінде экономикалық еркіндік, мінез-құлықтың жаңа стандарттары, өз күшіне деген сенім, тәуекелге бару, ақша таба білу бар. - Жастардың өмірлік құндылықтары туралы әңгімеден кейін, міндетті түрде келесі сұрақ туыындайды. Олардың біз білмейтін, ескермеген, ұмыт қалдырған мәселелері туралы тереңірек зерттеуге мүмкіндік болды ма? - Жастардың өмірлік стратегиялары мен талпыныстары әлеуметтанушылар үшін өте маңызды. Қоғамда болып жатқан өзгерістер экономикалық және әлеуметтік белсенділік үшін жаңа мүмкіндіктер алып келгенімен, жастар үшін дәстүрлі салаларда, соның ішінде, оқуын жалғастыру, мамандық алу, мамандық бойынша жұмыс табу және тағы басқа жағдайларда өзін-өзі көрсетуі қиынышылық туғызып отыр. Осы жағдайларға сәйкес, қоғамдағы өзгерістер бағыты жастардың өз өмірлік бағытындағы әлеуметтік тәжірибедегі өзгерістеріне тәуелді болады. Өмірлік құндылықтар жүйесі тұлғаның мазмұндық тұсын анықтайды. Бұл жүйе жас адамның қоршаған ортаға, өзге адамдарға, өз-өзіне қатысты көзқарасының негізін қалайды. Әрбір жас өзінің өмірлік қалыптасуын жеке әрі жауапты түрде таңдауы тиіс. Жастар арасында өмірлік құндылықтардың ішінде «Өзінің және жақындарының денсаулығы (79%-ы бұл өлшемді ең маңызды деп көрсеткендер)» және «Отбасылық бақыт (71%)» болғаны өте қуантарлық жай. Біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде жастар болашақ мамандығының беделі мен білім беруіне баса назар аударатындығы анықталды. Олардың ішінде мақсатқа ұмтылуышылық, екі және одан да көп тіл білу, шығармашылық еңбекте өзін көрсете білу, сондай-ақ, өз күшіне және жеке сәттілігіне бағытталу сынды қасиеттер тән екені белгілі болды. Жастар үшін біліктілік пен мамандық - еңбек нарығында бәсекелестікке қол жеткізу үшін қажетті шарт болып табылады. Айта кетерлік жайт, жастардың басым бөлігі мақсатқа жетуде өзіне ғана сенсе (44%), өзіне және жақын достарына сенетіндер саны да жоғарғы көрсеткішке (35%) ие. Жалпы алғанда, жастар «бақытты өмір» ұғымын ең алдымен денсаулық, отбасы, әлеуеттілік және тұрақтылықпен байланыстырады. Қазақстан жастарының өмірлік жоспарларының ішінде білім тұлғалық ресурстың, сәтті кәсіби орнығудың әдісі ретінде саналады. Білім құндылығы жас қыздар мен жігіттердің санасында өмірлік табысқа жетудің тәсілі ретінде қалыптасқан. Сауалнамаға қатысқандардың 92%-ы өз өмірде сапалы білім және оны белсенді қолдану арқылы жетістікке жеткісі келеді.

- Жастардың өміріндегі құндылықтар туралы әңгіме айтқанда отбасы институтының рөлін ерекше сұрағымыз келеді. Бүгінгі жастар отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүр мектебін қаншалықты құрметтейді? - Отбасы - балаларды адамгершілік тұрғыдан дамытушы күрделі әрі тұтас жүйе. Отбасы азаматтық мінез-құлықтын негізін қалыптастырып, жастарға өзінің мәдени және әлеуметтік тәжірибесін сіңіреді. Жастар үшін отбасы әке мен анаға, олардың түсінігі мен қолдауына, өз «Менін» жүзеге асыруға және тағы басқа әлеуметтік және психологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін таптырмас орын. Осы көзқарас тұрғысынан алар болсақ, отбасы - маңызды құндылық. Сондай-ақ, қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси өзгерістер ең алдымен отбасыға ықпал етеді. Шын мәнінде, отбасы саласында соңғы бірнеше онжылдықта дәстүрлі рөлдің, көзқарастардың және стереотиптердің әлсіреуі байқалады. Осындай өзгерістердің негізінде екі жұптың таңдау еркіндігінің кеңеюі, олардың теңдігі, өзін-өзі дамыту мүмкіндігі сынды модернистік құндылықтар жатыр. Отбасындағы тәуелсіздік пен автономдылық ондағы балалардың рөлі мен орнын да түбегейлі өзгертуде. «Әке мен бала түсініспеушілігі» жағдайының болуы тәрбие мен білім беру мәселелерін туындатады. Жастардың негізгі бөлігі отбасылық бақыт құндылығын «өте маңызды» ретінде көрсетуі Қазақстан жастарының отбасын бірінші кезекке қоятындығын дәлелдейді. Біздің зерттеуіміз бойынша, ата-ананың кеңесіне ер жігіттерге қарағанда қыздар көбірек жүгінеді. Қыздар көбіне анасы және нағашыларымен жақын байланыста болады. Сұралған қазақ қыздарының 80%-ы енесін «мама» деп атайды. Бұл қазақ менталитетіне сай дүние. Қыздардың барлығы дерлік отбасылық дәстүрді, туыстық қатынастарды сақтау кез-келген отбасының берекесін сақтауға мүмкіндік береді деп санайды. Жауап бергендердің 68%-ы отбасы рухын қалыптастырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін отбасылық салт-дәстүрлер маңызды екендігін көрсетті. Зерттеуімізде қазақ ұлтының 95%-ы ұлттық салт-дәстүрлерді өте жақсы білетіндігі және 78%-ы оны сақтайтындығы анықталды. Қазіргі жастар өз этникалық бірлігін отбасылық құндылықтар арқылы бағалап, таниды. Олар өз халқының тарихын, оның салт-дәстүрлерін біледі және өз бетінше танып-білуге ұмтылады. - Жастардың отанды сүюі қай деңгейде? Жалпы жастар үшін Отан деген не? - Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге, азаматтық бірегейлікті дамытуға байланысты мәселелер көбіне елдің дамуы мен оның жастар саясатын жүргізуіне байланысты. Қазіргі кезде жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу, оларды отансүйгіш-азамат ретінде қалыптастыру проблемасы ерекше өзекті мәселеге айналды. Дәстүр мен инновация арасында, соның ішінде әлеуметтік-мәдени ортада тепе-теңдікті сақтау ауадай қажет болып тұрған бүгінгі заманда осы мәселе аса маңызды. Патриоттықты қалыптастыру ұрпақтан-ұрпаққа өмірлік тәжірибені берумен, өз Отанының игілігі үшін адамды жасампаз еңбекке мақсатты дайындаумен, өз елін сүйе білетін, байланысын үзбейтін мүдделерін қорғайтын, өз халқының ең озық дәстүрлерін сақтайтын және тарататын, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұдайы ұмтылатын рухани-өнегелі жеке адамды дамытумен байланысты әлеуметтік - педагогикалық қызметтің күрделі жүйесі. Патриот болу дегеніміз - өз қаласы мен елін көркейту жолында нақты да күнделікті істер жасау, өз жерлестері мен отандастарына көмек пен өзара қол ұшын беру. Осылардың барлығы, сайып келгенде, біздің әрқайсымыздың бойымыздағы патриоттық сезіміміздің дәрежесін, шынайы патриоттық сана-сезіміміздің деңгейін анықтайды. Патриот өз Отаны ретінде санайтын аумақ (өз мемлекетінің шекараларына дейін) неғұрлым байтақ болса, ол өз отандастарына соғұрлым көбірек сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсетеді, өзінің үйі, ауласы, көшесі, қаласы үшін күн сайын тынымсыз еңбек етеді. Мәліметтерге сәйкес, жастарды біріктіруші доминанттың тамыры «Қазақстан Республикасы» ұғымында жатыр. Жастардың көпшілігі Отан ұғымын «Өз елім» түсінігімен байланыстырады. Өз елінің патриоты болу деген не? Бұл сұрақ барлық респонденттерге қойылды. Жауап нәтижесі бойынша, 52,6% жастар өз елінің патриоты болу деп «Өз Отаныңды сүйіп, оған адал болу» десе, 27,6%-ы «Өз елінің тарихы мен өткенін сыйлау», 13,1%-ы «Өз елінің мәдениетіне құрметпен қарау» деп көрсетті. Жастардың көпшілігі «Барлық жастар өз елінің патриоты болуға талпынуы қажет» деп санайды. Патриотизм құндылықтарына ұлты, орналасқан жері мен жұмысы секілді факторлар ықпал етеді. Қоса кететін мәселе, патриоттық қасиеттерге ұмтылу мемлекеттік қызметкерлер арасында кеңінен таралған. - Әке мен бала қайшылығы жастардың бойында қалай көрініс тапқан? Балалар бүгінгі әкелерге қандай кінә артады, нені талап етеді? - Әр ұрпақ бұрыңғы немесе кейінгі ұрпақтан ерекшеленетін өзіне тән құндылықтар жүйесін, стандарттарын, мінез-құлық үлгісін қалыптастырады. Зерттеу нәтижелері аға ұрпақ еліктеуге тұрарлық үлгі екендігін көрсетіп отыр. Жастардың басым бөлігі (79,2%) «Ата-анам менің өміріме үлкен ықпал етті» деп көрсетсе, 76%-ы «Қиын сәттерде аға ұрпақтың (ата-ана, ата-әже) көмегіне жүгінгендігін» атап көрсетті. Жастардың басым көпшілігі (91,8%) ата-анасымен жылы, достық, түсіністік байланыста. Алынған нәтижелер әке мен бала қарым-қатынасы мәселелері өзекті екендігін дәлелдейді. Дегенмен, бұл мәселелер қарама-қайшылықтарға негізделмеген. Мәселен, жастар тарапынан аға ұрпақтың сынға ұшырайтын қасиеттерінің ішінде шектен тыс қадағалау мен бақылау, сенімсіздік, түсінбеушілік, жастардың рухани мүмкіншіліктері мен күш-жігерінің бағаланбауын атауға болады. Сондай-ақ, серіктестік қарым-қатынас орнату мен қызметтік шектеу де мәселесі де бар екен. Жастар берген жауаптар ішінде «Аға ұрпақ тарапынан жастарға өз пікірін өткізуі» (27%), «Қарсы келуге икемділік» (25%) деп көрсетуі осыған дәлел бола алады. - Жастар туралы сөз қозғағанда дін мәселесін айналып өте алмаймыз. Сіздің зерттеуде жастардың діни ұстанымы, қайшылықтары, кедергілері қаншалықты зерттелді және бұл зерттеудің қорытындысында жастардың дінге деген көзқарасын қалай бейнелеуге болады? - Сауалнамаға қатысушылардың 65%-ның жауабы бойынша олардың діни санасы ата-анасының, немесе жасы үлкен туыстарының ықпалымен қалыптасатынын айтады. Сондай-ақ әрбір оныншы жастың діни санасының қалыптасуына «өмірдің қиын сәттерінде тірек, көмек іздеу» мен «діндар таныстары мен достары» әсер ететіні белгілі болды. Зерттеу нәтижелері бойынша, зерттеуге қатысушылардың басым көпшілігі (75,7%) өзінің дінге сенетінін айтса, қалған 16,7%-ы өзін дінге сенбейтіндердің қатарына қосады. Қазір біз жастардың сауатты діни білім алуына жіті көңіл бөлуіміз қажет. Себебі, қазіргі жастар рухани тұрғыдан өз орнын таба алмауда. Қазіргі мәселелердің көпшілігінің түйінін де біз дін жүйесін жолға қою арқылы шеше аламыз. Жастардың дін негіздері бойынша сауат ашуы олардың түрлі діни ұйымдарға кіріп кетуінен сақтап қана қоймай, оларға сыни баға бере алатындай деңгейде болады, өзге діндерге құрметпен қарап, қоғамдағы толеранттылық мәдениетіне үйретеді. Қазіргі жастарды мінсіз деп атаудан аулақпын, жекелей алғанда, жастардың құндылықтық бағыттары мен қағидалары өзгермелі. Дегенмен, олардың әлеуметтік маңызы бар қасиеттерін атап өтуге міндеттіміз. Оларға мақсатқа талпынушылық, өз күшіне сену, білімге баса назар аударуын жатқыза аламыз. Қазіргі жас буын - болашақтың азаматтары. Адамгершілік құндылықтарын сақтау, халқымыздың мәдени дәстүрлерін қадірлеу, барлығы да жастардың қолында. Қорыта келе, ұлы Абайдың «Білім алу өзге жұрт білгенді біліп, білгенді халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген сөзімен пікірімді аяқтағым келіп отыр. - Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Қарагөз Серікқызы.

Соңғы жаңалықтар