Гүлмира Сатыбалдыны тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыған дейін 2 ай мерзімге қамауға алынған Гүлмира Сатыбалды тағы бір ай тұтқында болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гүлмира Сатыбалдыны тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды

«2022 жылғы 13 мамырда Нұрсұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, биыл 18 наурызда елорда соты Гүлмира Сатыбалдыны 2 ай мерзімге қамауға алуға санкция берген еді.

Айта кетейік, күдіктінің бұрынғы жұбайы Қайрат Сатыбалдыны тұтқында ұстау мерзімі де ұзартылды.

Ол туралы Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 12 мамыр күні жария етті.

Атап айтқанда, күдікті Қайрат Сатыбалды және Қайрат Боранбаевқа да қатысты тұтқында ұстау түрінде санкцияланған бұлтартпау іс-шарасының мерзімі тағы 1 айға созылды.