«Гүлнәр тур» банкротқа ұшырағаннан кейiн 40-қа тарта турагенттiк жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Гүлнәр тур» туристік компаниясының банкротқа ұшырағанынан кейін 40-қа тарта турагенттiк жабылды. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР Үкiметi жанындағы туризм жөнiндегi кеңестiң мүшесi Инна Рей мәлiм еттi.
«Гүлнәр турға» келетiн болсақ, былтыр бiз Түркияның Анталия сынды курортына танымалдылық күрт төмендегенiн байқадық. Ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрге жағдайды ушықтырмай ұстап қалғанның арқасында, «Гүлнәр турдан» алған турпакеттердi сақтап қала алдық. Дегенмен, соған қарамастан, «Гүлнәр тур» банкроттығынан кейiн 40-қа тарта турагенттiк жабылды», - дедi ол.
Оның айтуынша, туркиялық бағыт қазақстандықтар үшiн тиiмсiз болып кеттi. Себебi, ондағы баға бiршама өскен.
«Бiз сұраныстың былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға төмендегенiн байқап отырмыз. Себебi, Ресейде экономикалық ахуал нашарлағандықтан, Түркия курорттарында ресейлiктер азайды. Сондықтан, қонақүйлердiң бағасы жоғарылаған», - дедi И. Рэй.