Гүлшара Әбдіқалықова ана мен баланы қорғау жөнінде кеңес өткізді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ажырасулардың, алимент төлемеудің, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне қатысты кеңейтілген кеңес өтті. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.
Селекторлық режімде өткен кеңеске ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Ішкі істер, Әділет, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің басшылығы, өңір әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ өңірлік полиция департаменттері, ішкі саясат, отбасы және жастар істері жөніндегі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Тұңғыш Президенті -Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа әлеуметтік саясат іске асырылып жатқанын, оның негізгі міндеті азаматтардың тұрмыс сапасын және әл-ауқатын арттыру болып табылатынын атап өтті. Өңірлерде халықпен кездесу кезінде некені бұзу, алименттерді төлемеу, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық негіздегі зорлық-зомбылық фактілері өзекті болып отырғаны анықталды және ол бүгінде барлық уәкілетті органдардың шұғыл шаралар қабылдауын талап етіп отыр.
«Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде ажырасудың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, алимент борышкерлерімен күрес жүргізу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру және отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерін азайтуды ұйымдастыру шаралары қабылданды», - делінген ақпаратта.
Мәлім болғандай, «Сотта, соттан тыс жерде татуластыру» және «Отбасылық сот» пилоттық жобаларын іске асыру 2018 жылы азаматтардың бұзылған құқықтарын татуластыру арқылы қалпына келтіруге оң әсерін тигізді. Татуластыруға байланысты қысқартылған істердің саны 5,5%, талап арыздары қараусыз қалған істердің саны 10% және қайтарылған талап арыздарының саны 57,6% артты.
Алимент төлемеу проблемасына жұртшылықтың назарын аудару бойынша шаралар қабылдануда. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және қоғамдық орындарда жүргізілетін жұмыстарды ақпараттық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Тәжірибе көрсеткендей, борышкерлерге қатысты әкімшілік және қылмыстық істерді қозғау мәжбүрлеудің ең тиімді шараларының бірі. Мұндай шара қолданылғаннан кейін борышкерлер қарыздарын өтейді.
Рейдтік іс-шаралар аясында прокурорлар сот орындаушылармен және ішкі істер органдарымен бірлесіп 2018 жылы 200-ге жуық борышкердің автокөліктерін айып тұрағына жеткізді (2019ж. І тоқсанында - 113). Сонымен қатар, алименттерді өндіріп алу бойынша басқа да кешенді насихаттау іс-шаралары жүргізіледі.
Өткен жылы борышкерлер 1,1 млрд теңге сомасында берешекті өтеген. Еңбекпен қамту органдары 6 мыңнан астам жұмыссыз борышкерді есепке алды (2019ж. І тоқсанында - 4 мың). Бос орындар жәрмеңкесі арқылы (кәсіпкерлердің көмегімен өткізіледі) 1,5 мың адам жұмысқа орналастырылды (2019ж. І тоқсанында - 511).
Әйелдер мен балаларды отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде шаралар қабылдануда. Мақсаты - тұрмыстық қылмысты 2020 жылға қарай 20%, 2050 жылға қарай 50% төмендету. ІІМ жүйесінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше (124 қызметкер) енгізілді, 36 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 24-і - пана берумен. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқықбұзушыны әкімшілік ұстау мерзімі 3 сағаттан 24 сағатқа дейін ұзартылды (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 789-бабы).
2017 жылдан бастап Шымкент қаласы мен Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың пәрменді тетіктерін құруға бағытталған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы енгізілді.
Мәжілістің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.