Гүлшара Әбдіқалықова: «Болашақ» түлектері экономикамызға айтулы үлес қосып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - «Болашақ» секілді жастарға аса пайдалы бағдарламаны қабылдаған әлемдегі саусақпен санарлық елдердің бірі. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған форумда осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлшара Әбдіқалықова: «Болашақ» түлектері экономикамызға айтулы үлес қосып келеді

«25 жыл бұрын Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасын бекіту туралы шешім қабылдаған болатын. Одан бері стипендияның көптеген түлегі экономикамызға айтулы үлес қосып келеді. Олардың арасында осы залда отырған әкімдер мен министрлер, компаниялардың өкілдері мен қаржыгерлер отыр. Мұндай бағдарлама Малайзияда, АҚШ-та және Азияның кейбір елдерінде ғана бар. Біз дәл осындай бағдарламаны қабылдаған аз елдердің біріміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы «Болашақ» түлектерін айтулы датамен құттықтады.null 

«Өмірлік тәжірибе жинақтап жатқан жастарға биік белестерді бағындыруын тілеймін. Жауапты лауазымды қызмет атқарып жүргендер өз елінің дамуына ары қарай үлес қоса берсін деген тілек білдіргім келеді», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Астанада өтіп жатқан «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендианттарға жолдаған құттықтау хатын оқып берген болатын. Елбасы өз сөзінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналғанын атап өтті.