Гүлшара Әбдіқалықова дипломатиялық миссиясын аяқтаған Словакия Елшісімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған Словакия Елшісі Петер Юзамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гүлшара Әбдіқалықова дипломатиялық миссиясын аяқтаған Словакия Елшісімен кездесті

«Қазақстандағы Елші лауазымында өткізген қызметіңіз барысындағы бірлескен жұмыстарыңызға ризашылық білдіремін. Сонымен қатар Қазақстандағы Словакия Елшісі миссияңыздың табысты аяқталуымен құттықтап, алдағы қызметіңізге, отбасыңызға зор табыстар тілеймін. Осы жылдардың ішінде Қазақстан мен Словакияның өзара ынтымақтастығын белсенді ілгерілете алдық деп ойлаймын. 2006 жылы Словакия Елшілігі ашылды. Соған сай Братиславадағы өкілдігіміз де белсенді жұмыс істеді», - деп атап өтті кездесу барысында Мемлекеттік хатшы.
null 

Г.Әбдіқалықова Словакия басшылығына «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқаны үшін ризашылық білдіріп, бұл елдің баламалы энергетика саласындағы жетістіктерінің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан-Словакия қарым-қатынасының қазіргі ахуалы, сонымен қатар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық келешегі талқыланды. Биыл Қазақстан мен Словакия дипломатиялық қарым-қатныастарының 25 жылдығын атап өтуде. Осыған орай екі мемлекет арасындағы орнықты әрі сапалы деңгейдегі саяси байланыстарға оң баға берілді.

Словакия Елшісі кездесу аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, екі елдің саяси саладағы ынтымақтастығының жоғары деңгейде екендігін баса айтты.

«Соңғы рет Словакия Республикасының Сыртқы істер министрі ЕО төрағасы ретінде елдеріңізге келіп, сол кезде Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы шартқа қол қойылды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықпен байланысты мәселелерді шешіп, ЭКСПО көрмесіне белсенді қатыстық. Словакцияның павильоны әдемілігі жағынан екінші орында тұрды. Оны 316 мың адам тамашалады. Словакиядан да мыңнан астам адам ЭКСПО-2017 көрмесін аралады», - деді Петер Юза.

null null