Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық жастармен жүздесті
Алдымен аймақ басшысы Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітап құрттары» клубының мүшелерімен кездесті. Аталған клуб 2019 жылдың ақпан айында кітапқұмар жастардың бастамасымен ашылған. Қазіргі таңда 100-ге жуық мүшесі бар. Оқуға ынталы жастар әр сенбі сайын түрлі жанрдағы кітаптар мен фильмдерді талқылайды.
Аталған іске ұйытқы болып жүрген Талғат Меңдібаев клубтың Қазалы ауданында бөлімшесі ашылғанын атап өтті. Алдағы уақытта мұндай орындарды өзге аудандарда ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ізденімпаз студенттерге арнап Қорқыт ата университетінде қосымша курс жұмысын бастаған.
Кездесуде жастар аймақ басшысымен кітап оқу мәдениеті туралы еркін ой қозғады. Гүлшара Әбдіқалықова интеллектуалды ұлт қалыптастыруда кітап оқудың маңыздылығын қаперге салып, жастарды «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тілінде жарыққа шыққан кітаптарды оқуға шақырды.
Жастармен тілдескен облыс әкіміне клуб оқырмандары «Қыз Жібек» дастанын табыстады жәнее қала ішінде жастарды оқуға жетелейтін бірнеше идеясын ұсыныс ретінде блдірді.
Кездесу соңында аймақ басшысы жастар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, алдағы уақытта жастар кеңесінде талқыланатынын тілге тиек етті.
Биыл мектептер мен университеттерде оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Қашықтан білім алып келген жастар оқу орындарына барды. Санитариялық талаптарды сақтай отырып, білім алуда. Бұл ретте облыс әкімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатақханасына барды. Нысанның жағдайын бақылап, студенттер тыныс-тіршілігімен танысты.
Жастар өңір басшысына көкейде жүрген сауалын қойып, түрлі бастамалардан туындаған идеяларын ортаға салды.
Жатақхана ғимараты 400 студентке арналған. Мұнда бос уақытын тиімді өткізуі үшін студенттердің шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндігі бар. Кітап оқып, демалыс бөлмелерінде тыныға алады. Жастар ұйымдары жатақханалардағы тәрбиелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге ықпал етеді.
Сонымен қатар №5 студенттік жатақхана ауласында спорттық ойындарға арналған алаң жабдықталған. Өткен жылы футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті.
Облыс әкімі сөз соңында жатақханада санитарлық нормаларды қатаң сақтап, ауланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажеттігін еске салды.
Университетте білім алатын жастар бос уақытын спорттық кешендерде өткізеді. Өңір басшысы университет базасындағы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенін аралап, нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты. 2010 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінде футзал, волейбол, гандболдан жарыстар мен барлық деңгейдегі түрлі спартакиадалар өткізіліп тұрады. Ал, жүзу бассейніне келушілерді білікті нұсқаушылар, медицина қызметкерлері бақылап отырады.
Аймақ басшысы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу жастардан бастау алу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте өңірде университет базасынан бөлек, түрлі секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды.