Гүлшара Әбдіқалықова Жаңаөзенде көпбалалы отбасылардың үйіне барды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалыкова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Жаңаөзен қаласында бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гүлшара Әбдіқалықова Жаңаөзенде көпбалалы отбасылардың үйіне барды

Гүлшара Әбдіқалықова Жанарыс тігін фабрикасының ұжымымен кездесті. Онда 340-тан астам адам жұмыс істейді, олардың 95% - әйелдер. Кәсіпорында мұнай және басқа да салалар үшін арнайы киімдер тігіледі. Мекеме басшысының айтуынша, фабрикадағы еңбекақы 136 мың теңгеден жоғары.

«Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Премьер-Министрдің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әрқайсысы 6 баладан тәрбиелеп отырған көпбалалы және аз қамтылған 4 отбасының үйіне барды.

Көпбалалы ана Жадыра Нарымбаева алты бала тәрбиелеп отыр. «Күміс алқамен» марапатталған. Бірақ ұзақ уақыт жұмыс таба алмаған. Ол жақында пошта таратушы жұмысына орналасқан.

Нұрбике Егізбаева да «Күміс алқа» иесі. Ол мектепте жұмыс істейді. Жолдасын «Өзен Инвест» компаниясына тұрақты жұмысқа орналастыруға көмектескені үшін билік өкілдеріне алғыс білдірді.

Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет тарапынан көрсетілетін жаңа әлеуметтік қолдау шараларын, оларды іске асырудың мақсаттары мен тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алу ережелері туралы айтты.

Бүгінгі таңда Маңғыстауда ең төменгі күнкөріс деңгейі - 33 928 теңге. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - 23 749 теңгені құрайды. Дәл осындай соманы атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар ай сайын бір балаға алатын болады. Жалпы, Маңғыстау облысында мұндай көмек 14 211 адамға, Жаңаөзенде 3 мың адамға көрсетілмек.

Сонымен қатар, облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 100 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсету туралы шешім қабылданды.

Жұмыс күнінің соңында Гүлшара Әбдіқалықова мен Бердібек Сапарбаев халықты жұмыспен қамту орталығында болды. Бұл жерде оларға Жаңаөзен қаласында жыл соңына дейін 5260 жаңа жұмыс орны ашылатыны айтылды