Гүлшара Әбдіқалықова жатақхана туралы: Жеке оқу орындары көбірек белсенді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Студенттік жатақхана құрылысының жобасына мемлекеттік ЖОО-лардан гөрі жеке оқу орындары белсене атсалысып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлшара Әбдіқалықова жатақхана туралы: Жеке оқу орындары көбірек белсенді

«Білім және ғылым министрі атап өткендей, жұмыс үстінде 43 шарт бар. Оның 20-на қол қойылып, 23-і қорытынды кезеңде тұр. Осы шарттармен биыл 9196 орынды қолданысқа енгізу жоспарлануда. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», - деді Үкімет отырысында Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, студенттердің ең көбі Алматы қаласында шоғырланғанын ескере отырып, 26 сәуірде Алматы әкімдігімен бірге барлық ректорлардың қатысуымен жеке кеңес өткізілген.

«Алматы қаласы бағдарлама іске қосылғаннан бастап жеке инвестицияларды тарту жолымен жобаны іске асырудың оң үлгісін, сондай-ақ жоғары білім саласында жеке сектордың көптеп қатысуын көрсетіп отыр. 6100 орынға арналған 10 шарттың бірі ғана мемлекеттік ЖОО-мен жасалған. Біздің ұзақ мерзімді міндетіміз - атқарушы органдардың күш- жігері негізінде білім беру мекемелерінің басшыларымен және бизнес қауымдастықпен бірлесе отырып, жатақханалармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету. Біз студенттердің жайлы тұрмысы үшін қолайлы жағдай жасау керектігін жете түсінеміз», - деді ол.

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде жеке оқу орындарының жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқанын атап өтті.

«Ал мемлекеттік ЖОО-лар бұл жұмысты енді ғана қолға алып отыр. Тағы бір маңызды мәселе - әлеуетті инвесторларға ұсынылатын тетіктер, артықшылықтар туралы ақпараттың жүйелі болуы. Оның ішінде 7 пайыздық субсидиялау мен қосымша шараларға ерекше екпін беру болып саналады. Сондықтан, БҒМ ЖОО-лармен, әкімдіктермен бірге жұмыстарды жүргізуі тиіс. Біріншіден, 42 шартқа сәйкес, нысандардың мерзімінде қолданысқа берілуін қамтамасыз етсе, екінші - бизнестің қатысуға мүдделі болуын арттыру шараларын қабылдау керек», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жатақхана құрылысы бойынша жоспарды орындау үшін Үкіметке бірқатар шара ұсынған болатын.