Гүлжан Қарағұсова: Қазақстандық вагондардың өзіндік құны Ресейдегіден жоғары
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова «Тұлпар-Тальго» зауытында өндірілетін вагондардың өзіндік құнын төмендету керектігін атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Биылғы жылды «Тұлпар-Тальго» халықаралық талаптарға сай сертификатты алумен бастап отыр. Бір ғана айта кетерлігі - біздің вагондардың Ресейден қарағанда өзіндік құны жоғары. Біздің келесі міндетіміз: вагондардың өзіндік құнын төмендету. Ресей де бұл нарықта монополист болғысы келеді. Бірақ, біздің вагондар Ресей тарапының өзінен сертификатқа ие болып отырғандықтан, біз де бұл бағытта бәсекелес бола аламыз», - дейді мәжілісмен «Тұлпар-Тальго» зауының жұмысымен танысу барысында.

Мәжіліс депутаты өз сөзінде вагондарды өндіруде қазақстандық өнімнің үлесі артып келе жатқандығы қуантатынын айтады.
«Өзіндік құнның төмендеуі - бәсекеге қабілеттілігімізді арттырып, бүгінгі күннің өзінде отандық вагондарға қызығушылық танытып отырған экспорттаушылармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ал әзірге біз тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп отырмыз», - дейді ол.
Гүлжан Қарағұсова сонымен қатар, депуаттар тұрақты түрде еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп отыратынын тілге тиек етті.
«Парламент өткен жылдағыдай жұмыс ретін еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесу арқылы бастайды. Себебі, бізге сессияның екінші бөлігін де алғашқыдай сәтті өткізудің маңызы зор. Бізге Үкіметпен бірлесе отырып, қай бағытта жұмысты күшейту керектігіне талдау жүргізу қажет», - дейді депутат.