«Гүлжан» СО алдында ер адамды соққыға жыққан күдікті қамауға алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қазан күні кешкісін Астанадағы «Гүлжан» сауда орталығының алдында ер адамды соққыға жыққан күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Астана қаласының №2 Алматы аудандық соты «Гүлжан» сауда орталығында ер адамды соққыға жыққан күдіктіні екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын бекітті», - деп мәлімдеді Астана қалалық сотының баспасөз қызметінде.
Қажетті сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.
Айта кетейік, 26 қазан күні кешкісін Астанадағы «Гүлжан» сауда орталығының алдында бірін-бірі танымайтын екі ер адам жанжалдасып, соның салдарынан біреуі ауруханаға түскен болатын. Зардап шеккен 1984 жылғы ер адам миы зақымданып, кеуде тұсынан жарақат алған. 35 жастағы ұсталған азаматтың айтуынша, ол көліктен түскен кезде зардап шегуші ер адам мас күйде оны балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Осыдан кейін ұсталушы ер адам оны соққыға жыққан.