Гуманитарлық дипломатия — шекарадан тыс адамдарды біріктіретін қуатты күш — Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың маңызына тоқталды.

— Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті бір арнаға тоғыстыратын идеялар мен бастамаларға толы Астана қаласына қош келдіңіздер. Қазір Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы барлық бағытта, оның ішінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын байқап отырмыз. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ілгерілетіп отырған «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында мәдениет ерекше орынға ие. Бұл жоба тек ауқымды инфрақұрылымдық бастама ғана емес, ең алдымен халықтардың жүрегін жақындастыратын көпір. Гуманитарлық алмасулар, бірлескен мәдени бастамалар мен медиа ынтымақтастық — сенім мен ашық диалог кеңістігін қалыптастырады. Өйткені, медиа мәдениетті насихаттауда және халықтарды жақындастыратын гуманитарлық жобаларды жариялауда аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан бүгінгі форумға бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары жиналып отыр, — деді Аида Балаева елордада өтіп жатқан «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» атты форумда.
Министрдің мәлімдеуінше, мәдениет аралық байланыс ұлттар арасындағы достықты нығайтып, ынтымақтастықтың, оның ішінде ақпарат және цифрлық коммуникациялар саласының көкжиегін кеңейтеді.
— ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин айтқандай: «Өркениеттер бір-бірінен үйреніп, бірін-бірі толықтырып, адамзаттың дамуына бірлесе ықпал етуі тиіс». Бүгінде, бұрын-соңды болмағандай, мәдени алмасу өзара түсіністікті тереңдетуге, жүректерді ашуға және әлем тағдырына ортақтастық сезімін қалыптастыруға жол ашады. Гуманитарлық дипломатия — бұл мемлекеттер шекарасынан тыс адамдарды біріктіретін қуатты күш. Бүгінгі форум елдеріміз үшін маңызды оқиға және медиа мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы бірлескен жұмыстың жаңа тәсілдері мен ортақ қағидаттарын әзірлеуге жол ашады деп сенемін, — дейді министр.
Елордада «Тату көрші және достық: болашаққа қадам Қытай-Орталық Азия гуманитарлық алмасу» атты форум өтіп жатыр.
Еске сала кетсек, биыл мамырда Астанада «Орталық Азия — Қытай» медиафорумы өткен еді.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды.