Гуманитарлық көмек күткен жүздеген палестиналық Израиль соққысынан қаза тапты - Al Jazeera

АСТАНА. KAZINFORM – Кеше, 29 ақпанда Газаның оңтүстік-батысында азық-түлік көмегін күтіп тұрған жүзден астам палестиналық Израиль шабуылынан қаза тапты. Бұл туралы Al Jazeera жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына сілтеме жасап хабарлады.

Палестина
Фото: aljazeera.com

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ереуілдер салдарынан кемінде 112 адам қаза тауып, 750-ден астам адам жарақат алған.

Ұн таситын көліктер жүріп жатыр, деген хабар есіткен адамдар Әл-Рашид көшесіне жиналған.

«Біз ұн алуға бардық. Израиль әскері бізге қарсы оқ атты», – деді куәгерлердің бірі.

Олардың айтуынша, Израиль шабуылдары жаралылар мен қаза тапқандарды, сондай-ақ бейбіт тұрғындарды тасымалдаған медициналық топтарды да нысанаға алған.

Газа Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Ашраф әл-Кудраның айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар Газа қаласындағы ауруханаларға жеткізілген.

«Ресурстары шектеулі медициналық топтар ауыр жарақат алғандарды емдеуді жалғастыруда», – дейді ол.

Өз кезегінде Газа үкіметі Израильдің Газа қаласындағы бейбіт тұрғындарға жасаған шабуылын «әдейі және алдын ала ойластырылған» деп айыптады.

«Басқыншы әскерлер бұл адамдардың аймаққа гуманитарлық көмек үшін келгенін білген, бірақ оларды салқынқандылықпен өлтірді», – делінген хабарламада.

Алайда Израиль тарапы оқиғаның басқа нұсқасын ұсынып отыр.

Израиль тарапының мәліметінше, гуманитарлық көмекті тарату кезінде болған қақтығыс салдарынан ондаған газалық қаза тапқан.

«Таңертең гуманитарлық жүк көліктері Газа секторының солтүстік бөлігіне кірген кезде тұрғындар жүк көліктерін қоршап алып, жеткізілген жүктерді тонап кеткен», – делінген ЦАХАЛ ресми Telegram-каналында жарияланған хабарламада.

Сәлден кейін ЦАХАЛ оқиғаның әуеден түсірілген видеосын жариялады.

Израиль премьер-министрі кеңсесінің баспасөз хатшысы Ави Хайман жағдайды «қайғылы оқиға» деп атады. Ол қарапайым тұрғындардың өліміне жұрттың арасына кіріп кеткен жүк көлігі жүргізушілері жауапты деп мәлімдеді.

«Шамадан тыс жүк тиелген және жүк көліктерін басқаратын адамдар - Газа секторының азаматтық жүргізушілері - көпшіліктің арасына кіріп барды, нәтижеде ондаған адамдың өліміне себеп болды», – деді Хайман.

Оның айтуынша, оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ақпарат үшін, Израиль армиясы Газа секторындағы шабуылдарын 146 күн бойы жалғастырып жатыр.