Гуманитарлық және саяси дағдарыс ахуалдарына ЕҚЫҰ-ның тиімді іс-қимылдар жасауы мәселесі басты назарда болады –С. Зильберман
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Азаматтық қоғаммен өзара байланыс тетіктерін бекіту өте маңызды. Бұл туралы бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Азаматтық қоғам конференциясында Азаматтық қатысу бойынша дүниежүзілік альянс өкілі Соня Зильберман айтты.
«Конференция аясында біз гуманитарлық және саяси дағдарыс ахуалдарына ЕҚЫҰ-ның тиімді іс-қимылдар жасауы мәселесін талқылайтын боламыз. Мәселен, биылғы жылы Қырғызстанда осындай жағдай туындаған болатын және аталған елдегі секілді бұндай қайшылықтарға жол берілмеуі тиіс. Біз өткен тәжірибені зерделей отырып, болашаққа ұсыныстар әзірлеп, тәжірибе жинақтаймыз»,-деді С. Зильберман.
Атап айтқанда басқосу барысында Таулы Қарабақ өңіріндегі ахуал бойынша түйткілді мәселе талқыланады, сондай-ақ бұл проблеманы реттеудегі тараптардың пікірі тыңдалмақ. Мұнымен қоса, Қырғызстандағы мәселе де конференцияға қатысушылардың назарынан тыс қалмайды.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынас шаралары, адам құқығы, сайлау кезіндегі бақылау үдерісі, лаңкестікпен күрес мәселелері тұрғысында баяндамалар жасалмақ.
«Бүгінгі конференцияда бейбітшілік пен адам құқығын қорғау жолында еңбек етуге бел буған адамдар мен сарапшылар жиналып отыр. Осы орайда алдағы алқалы жиынның қарсаңында маңызды ұсыныстар болады деген сенімдемін»,-деді С. Зильберман.