Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері блокчейнді жеке пән ретінде оқиды
Халықаралық блокчейн-форумда ІСО-жобалардың топ-менеджерлері, шетелдік блокчейн және криптовалюта сарапшылар, блокчейн әзірлеушілер жиынға қатысушылар алдында «Криптовалютаға салынған инвестиция», «ІСО», «Технология» тақырыптарында баяндама жасады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Шахмаран Сейлов Интернеттің пайдасы мен зияны, онлайн сауда, криптовалютаға инвестиция салу, токендер, қаржы салудың сауатты стратегиясын таңдай білу мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар ол блокчейн Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде пән ретінде оқытыла бастайтындығын атап өтті.
«Жағымды жаңалығыммен де бөлісе кетуді жөн көріп отырмын. Алдағы уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне блокчейн жеке пән ретінде оқытыла бастайды. Қазіргі уақытта оның бағдарламасы мен оқулығы дайындалып жатыр», - деді ол.
Айта кетерлігі форум ұйымдастырушылары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дамыту аясында
Өзге елдерден технологиялық стартаптарды іздеу байқауын іске қосты. Аталған мақсатта Қазақстанның әрбір қаласына бір өзге мемлекет бекітілетін болады және әрбір қалада жастар қоғамдастықтары құрылады. Олар шетелдік инновацияларды іздеп тауып, Қазақстанда енгізумен айналысады. Осылайша қазақстандық-корейлік, қазақстандық-жапондық, қазақстандық-қытайлық, қазақстандық-канадалық сияқты өзге де бірлескен стартаптар пайда болады.