Гун Цзяньвэй Қ.Тоқаевты АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына өзгерту мүмкіндігі туралы хабардар етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 10 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Атқарушы директоры, Елші Гун Цзяньвэйді оның өтініші ойынша қабылдады.
Сенат Төрағасы белгілі қытай дипломатын жоғарғы лауазымға тағайындалуымен құттықтай келіп, Қытайдың АӨСШК-ге табысты төрағалық еткенін атап өтті. Соның арқасында бұл форум беделге ие болды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Азия құрылығындағы маңызды факторға айналды.
Қ.Тоқаев Шанхайда өткен Азиядағы сенім шаралары мен ынтымақтастықты нығайтудың іс жүзіндегі тетіктері әзірленген АӨСШК-нің 4-ші саммитін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары бағалайтынын атап өтті.
Гун Цзяньвэй АӨСШК-ні одан әрі дамыту жоспары және оны Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына өзгерту мүмкіндігі туралы хабардар етті.