Гурбангулы Бердімұхамедов: ТМҰ жұмысы БҰҰ ұстанымдарына сай болу керек
Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде бауырлас елдер бірлестігінің жұмысын БҰҰ ұстанымдарына сай жүргізудің маңызына тоқталды, деп хабарлайды Kazinform.
«Әлемнің түкпір-түкпірінде, соның ішінде біздің елдерге жақын аймақтарда стратегиялық тайталас саясаты қалыптасып жатыр. Соның салдарынан әлем қауымдастығы түрлі жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге тап келіп отыр. Жалпыға бірдей бейбіт өмір мен қауіпсіздікке кері әсер ететін бұл құбылыстарға төтеп беру үшін мемлекеттерге күш біріктіріп, қалыптасқан жағдайды терең таразылап, қажетті шаралар қабылдау керек. Сондықтан халықаралық құқық нормасын, оның ішінде ең әуелі БҰҰ жарғысын негізге ала отырып, туындап жатқан қатерлермен тиімді күрес жүргізу қажет. Осыған байланысты Түрікменстан БҰҰ Бас ассамблеясы 78-Сессисясының тұтастық және қауіпсіздік пайымын негізге ала отырып жаһандық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу туралы бастама көтерген», - деді ол.
Түрікменстан өкілі ресми Ашхабадтың осы бастаманы іске асырудың үш қағидатын ұсынғанын еске салды.
«Біріншіден, қақтығыстарды болдырмау үшін бастапқы кезеңдерде алдын алу дипломатиясын пайдалану керек. Екіншіден, бейтарап құралдардың әлеуетін барынша қолдану қажет. Үшіншіден, өзара сенімге құрылған диалогтар мәдениетін қалпына келтіру керек. Түркі мемлекеттері ұйымы Түрікменстанның бұл ұсыныстарын қолдайтынына кәміл сенемін», - деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Сондай-ақ ол Түрікменстан тарабы ТМҰ елдерінің әріптестігін дамытудың 2024-2025 жылдарға арналған бағдарламасын ұсынғанын атап өтті.
Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті.
«Түркі дәуірі» ұранымен өткен жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысты.