Ғұсман Қырғызбаев: Басты мақсатым – 2028 жылы өтетін Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілу

АСТАНА. KAZINFORM – 9-11 мамыр аралығында Астана қаласында дзюдодан Qazaqstan barysy Grand Slam турнирі өтеді. Аталған жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше Олимпиада жүлдегері бақ сынайды.

Ғұсман Қырғызбаев
Фото: ҚР ҰОК

Соның ішінде 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың татамиге қайта оралуы – басты жаңалықтардың бірі. Қазақстандық балуан Olympic.kz сайтына берген сұхбатында дайындық барысын пысықтап, құрамадағы өзгерістер жайлы айтып берді.

- Олимпиада ойындарынан кейін спортты уақытша ұмытып, жеті айға жуық демалыс алдым. Қаңтар айынан бастап оқу-жаттығу жиындарына қатыса бастадым. Алғашында ұлттық құраманың қарқынына ілесу өте қиын болды. Алайда қазір бәрі жақсы. Бапкерлердің берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрміз. Олимпиада ойындарының жүлдегері ретінде бұл жолғы жаттығулар ерекше ләззат сыйлап жатыр. Қандай жаттығу болса да, өзім рахаттанып орындаймын. Сонымен қатар Парижде қола жүлде жеңіп алған соң, өз-өзіме деген сенімділігім артты. Ал жарыстың нәтижесі татами үстінде белгілі болады, - дейді спортшы.

Ол жаңа бапкерлік құрамның келуіне байланысты қандай өзгеріс болып жатқанын айтып берді.

- Жалпы, әр бапкердің өзіндік әдіс-тәсілі болады ғой. Роберт Мшвидобадзенің дайындау жүйесі мүлде бөлек екен. Бір байқағаным — бұл бапкерлер бір ғана жарыспен шектелмей, алда болатын ірі халықаралық додаларға ерекше мән береді. Негізгі мақсат — әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсету. Ал басқа турнирлер тәжірибе жинап, өз мүмкіндігіңді сынап көруге арналған. Жаттығу жоспары мен тапсырмалары көңілімнен толық шығып жатыр, - дейді Ғұсман Қырғызбаев.

Спортшы алдағы жоспары, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық туралы сөз қозғады.

- Олимпиададан кейін бірінші оқу-жаттығу жиынына келместен бұрын бапкер Роберт Мшвидобадзе хабарласты. «Дайындыққа қашан келесің?» деп сұраған болатын. «Қаңтар айында» деп жауап берген едім. Бапкер: «Егер келетін болсаң, Олимпиадаға дейінгі алдағы төрт жылға нақты мақсат қойып кел», - деді. Енді басты мақсатым – осы оқу-жаттығу жиындарында барлық күш-жігерімді жинап, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына барып, жеңіс тұғырына көтерілу, - деді спортшы.

Айта кетейік, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында татамиге шығады.

 

Соңғы жаңалықтар