Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Еуропа Кубогының күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Саарбрюккен қаласында ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан өтіп жатқан Еуропа Кубогының алғашқы күні ел қоржынына күміс жүлде бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Еуропа Кубогының күміс жүлдегері атанды

ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей алғашқы күміс жүлдені 66 келі салмақта ел намысын қорғаған қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жеңіп алды.

Іріктеу кезеңінен іркілмей шыққан отандасымыз жартылай финалда француз балуаны Кевин Аземаны жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Алайда, финалда грузиялық Торник Нагиашвилиге есе жіберген Ғұсман Қырғызбаев ел қоржынына жарыстың алғашқы күміс жүлдесін салды.

Айта кетейік, Саарбрюккенде дзюдодан Еуропа Кубогы жексенбі, яғни 15 шілдеде өз мәресіне жетеді. Осыған дейін аталмыш додада 12 балуан ел намысын қорғайтыны туралы жазған болатынбыз.

Тартысты додаға 26 елден 387 дзюдошы қатысып жатыр.