Гвинея шығанағында пираттар танкерге шабуыл жасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пираттар кемені басып алмақ болған, бірақ танкер шұғыл әрекет етіп, құтылып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Trade Winds порталына сілтеме жасап.
Теңіз қарақшылары жұма күні Нигерия жағалауындағы Гвинея шығанағында Бермуд аралдарының туы астында жүзетін сұйытылған газ тасымалдайтын LNG LAGOS II танкеріне шабуыл жасады.
Кейбір теңіз порталдарының жазуынша, пираттар бортқа көтеріле алған. Бірақ барлық команда мүшелері қауіпсіз жерге орналасып үлгерді. Олар Нигерияның теңізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне шабуыл жайлы хабарлап, көмек күткен.
Канар аралдарынан шыққан танкер қазір Нигерияның Бонни портына қарай жылжып барады.