ҒЫЛЫМ: Өсімдіктер қалай қан тобына бөлінеді?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер бетіндегі тіршілік иелері саналатын адамдар мен жануарлардың қаны ұқсамаған топтарға бөлінетіні ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Ал, өсімдіктердің де қан тобы болатындығын ғалымдар енді ғана анықтап, зерттеуде.
Қанды бірнеше топқа бөлу керектігі туралы ХІХ ғасырда айтыла бастады. 1907 жылы чех оқымыстысы Я.Янский қан тобының 4-ке бөлінетіндігін мәлім етті. Олар 1-қан тобы (O), 2-қан тобы - (А), 3-топ (В), 4-топ (АВ) болып жіктелді. Адамның қан тобы ұрықтың жатырда даму барысында қалыптасып, өмір бойы өзгермейді. Әлемдегі ең көп кездесетін қан тобы - 1- топ. Жер бетіндегі халықтың 45%-ың қаны осы топтан. 2-ші қан тобы - дүниежүзіндегі адамдардың -35%-ына тән. Адамдардың 13%-ының қаны 3-топқа жатады. Ал 4-ші қан тобы өте сирек, адамдардың 7%-ында кездеседі екен.
Осы зерттеліп, қалыптасқан, мойындалған заңдылықтардың аясында өсімдік атаулыда қан немесе қан тобы болады деген тұжырым жасалмаған болатын. Өсімдіктерде қып-қызыл қан да, қан клеткасы да болмаса, қалайша қан тобы болады?
Өсімдіктерде қан тобы бар деген көзқарасты алғаш ортаға қойған адам - Жапония Ішкі істер органының білікті заң дәргері Ямото Шигру еді. Ол бұндай тұжырымға қасақана адам өлтірген қылмыстық істі қарау барсында көз жеткізген. Қылмыстық оқиға орын алған үйдің ішінде бір тамшы да қан дағы табылмаған, тек жастықтан АВ қан тобының әлсіз Реакциясын байқайды. Оқиғаның анық себебіне үңіле түсу үшін, ол жастықтың ішіне салынған қарақұмық кебегінің қан тобын сараптап тексереді. Осы кезде ойламаған нәтиже белең береді. Қарақұмық кебегінен АВ қан тобының ерекшелігі байқалады. Осыдан кейін ғалым 150 түрлі көкеністер мен жеміс-жидектердің, жүздеген түрлі өсімдік ұрықтарының қан тобын тексеріп, зерттейді. Соңғы нәтижеде, 79 түрлі өсімдіктен қан тобы реакциясы анықталады. Бұдан өсімдіктердің ішінде, басым көбінің О қан тобына, одан қалса АВ және В тобына тәуелді екені белгілі болады. Ямото дәрігер көптеген сынақтардан соң әлемге тұңғыш рет «өсімдіктерде қан тобы болады» деген тұжырымын жария етті. Ол тағы да өсімдіктердің қан тобына О ең негізгі қан тобы, ал, В қан тобы мен АВ қан тобы О қан тобынан бөлініп шыққан деген пікірді ортаға қойды.
Бұл жаңалықтан соң әлем ғалымдары өсімдіктердің қан тобын жарыса зерттеді. Олар зерттеу барысында, өсімдіктердің денесінде адамзат қанындағы қызыл клетканың сыртындығы қан тобы затына ерекше ұқсайтын заттың, яғни қан тобы қанытының болатындығын анықтайды. Өсімдіктерде де адам денесіндегі осы қан тобы заттарына ұқсайтын заттар болады, мұның ішінде жемісі қызыл болатын өсімдіктердің құрамындағы мөлшері ең көп болған. Ғалымдар өсімдіктердің ұрығы мен жемісінде қан тобы заты болатындығын және өсімдіктердің қан тобы заты жемісі пісіп жетілу барысында біртіндеп артатындығын, жемісі піскен кезде қан тобы заты ең мол деңгейге жететіндігін байқаған.
Өсімдік денесіндегі қан тобы затының анықталуы, өсімдіктерді жікке бөліп зерттеуде, клеткаларды тоғыстыру, тұқымын будандастыру барысын жаңаша қалыппен жүргізуге септеседі. Сондай-ақ, қылмыстық істерді ашуды оңайлатады. Мысалы, белгісіз жағдайға душар болып, жапа шеккен адамның асқазанындағы азықтықтарды тексеру арқылы, азықтықтың түрін анықтап туындаған оқиғаға қатысты жіп ұшін табуға көмектеседі. Осындай тағы бір мысал, Жапонияда болған жол -көлік оқиғасы кезінде, жүргізуші бір баланы көлігімен соғып қашып кетеді. Артынша полиция қашқын жүргізушіні ұстап, көлік доңғалағындағы қан дақтарын тексереді. Қан дақтарының қан тобын айыру барысында, доңғалақта көлік соғып кеткен баланың О қан тобынан басқа, тағы В және АВ қан топтарының да дағы бар екені анықталады. Сол уақытта полицейлер көлік жүргізуші баладан басқа тағы бірнеше адамды соғып жаралаған немесе жазым еткен деп күдіктенеді. Бірақ, жүргізуші баланы ғана соққанын мойындайды.
Кейіннен зеріттеу орталығының сараптамасы соңғы екі түрлі қан тобының өсімдіктің қан тобы екенін анықтап шығады. Осылайша, қылмыстық іс әділ шешімін табады.
Қазіргі күні Жапония қарақұмық, сәбіз сияқты өсімдіктердің иммунитеттік қан сарсуын тексеріп анықтады. Қан сарсуы тұрақтанған өсімдіктердің түрін дәл тауып айыруға болады. Өсімдіктердің қан тобы туралы ізденістер енді ғана басталды. Өсімдік денесінде қан тобы заты болатындығының себебін және қан тобы затының өсімдіктің өзі үшін нендей мән алатындығы туралы ғалымдар ортақ, дәйекті тұжырымға келе алған жоқ . Олар өсімдіктердегі қан тобы заты өсімдік үшін сигналдық рөл, артық энергияны сақтау рөлі, өсімдік денесін қорғау рөлі бар дейтін әртүрлі болжаулар ғана жасап отыр. Ал, адамдар болашақта осы өсімдік қан тобының сан алуан маңызын тереңдеп ашып, адамзаттың пайдалы қажеттілігіне жарататын күнде алыс емес деп ойлаймыз.
Бақытжол Кәкеш