Ғылым саласын жетілдіру мақсатында бірнеше заңға өзгерістер енгізіледі
АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды. Бұл заң жобасының қажеттілігі «Ғылым туралы» Заңның жаңа редакциясының әзірленуіне байланысты болып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңның бабына сәйкес жаңа заң қабылдау қолданыстағы заңдарға өзгерістер немесе толықтырулар енгізуді талап ететін жағдайда жаңа заңның жобасымен бірге Қазақстанның басқа заңдарына түзетулер енгізуді көздейтін ілеспе заңның жобасы әзірленіп, енгізіледі.
Азаматтық кодекске толықтыру енгізу мемлекеттік ұйымдардың меншік иесінің келісімінсіз тек зияткерлік меншіктің жарғылық капиталына енетін кәсіпорындар құру мүмкіндігін қарастырады. Осы шара ғалымдарды ынталандыру үшін жағдай жасауға, олардың әзірлемелерін енгізуге және экономиканың нақты (жеке меншік) секторын ғылымды қажет ететін өндірістерге тартуға мүмкіндік береді.
Бюджет кодексіне толықтыру енгізу ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырудың барлық мерзіміне мәмілелерді тіркеу қажеттілігіне негізделеді.
Заң жобасына сәйкес ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері салық салуға жатпайды.
Мемлекеттік ғылыми ұйымдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары, оның ішінде өзге де тұлғалармен бірлесіп, қызметі ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) болатын ұйым құруға құқылы. Осыған байланысты «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заңға толықтырулар енгізу талап етіледі.
Уәкілетті орган ғылыми зерттеулерді және ғылыми ұйымдар өткізетін тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды өткізуге арналған конкурстарды ұйымдастыруды «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның жеткізушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай жүзеге асыруы қажет. Бұл «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Заң жобасында мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, оларға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (үлесінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлесінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлесінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама тиесілі жоғары оқу орындарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі көзделеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Заңға тиісті толықтырулар енгізу талап етіледі.
Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді және келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды.