Ғылым саласының зиялылары Н. Назарбаевтың кандидатурасын қолдайды
АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанның ғылым саласындағы зиялылары «Нұр Отан» ХДП-ның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын мерізімен бұрын өтетін Президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынғанын қолдайды.
Бүгін Алматыда ҚР ҰҒА бір топ мүшесі брифинг өткізіп, осындай мәлімдеме жасады.
"Елбасының Семей яролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы оның болашақты болжай білетін тұлға екендігін көрсетеді. Кезінде осы еңбегі үшін ғана Нобель сыйлығын алуы тиіс еді. Елбасының әлем елдері арасында бірінші болып халықтар Асамблеясын құруы мен Әлемдік діндер басшыларының съездін өткізуі ерекше құрметтеуге тұрарлық. Сондықтан мен Елбасының кандидатурасын қолдаймын»,- деді ҚР ҰҒА академигі Нәдір Нәдіров.
Академик Салахаддин Сәбікеновтың айтуынша, Елбасы елдің дамуына қажетті негізгі үш салаға - білім беру саласына, тілдерді дамытуға, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп отыр. «Дамыған елдердің барлығы да осы үш салаға көңіл бөлудің арқасында дамыды. Бұл тұрғыда алғанда Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенділігін айтуға болады. Сондықтан «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасын қолдаймын»,- деді академик.
Әріптестерін ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, академиктер Еділ Ерғожин, Өмірзақ Айтбай, Игорь Нечаев, Алшынбай Рақышев қолдайтындықтарын білдірді.