Ғылымды жасайтын ғалымның еңбегі жоғары бағалануы керек - Ғ. Есім
АНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ғылымды жасайтын ғалымның еңбегі жоғары бағалануы керек.
Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Ғылым туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Ғарифолла Есім осылай айтты.
«Бұдан бұрынғы заңда ғылымды жасайтын ғалым екені туралы қағидат ескерілмей, ғылымды басқарудың көпсатылы бюрократиялық жүйесі қалыптасты. Ол ғылымды дағдарысқа әкелді. Елімізде ғылымға Ішкі жалпы өнімнің 0,24 пайызы бөлінсе, Ресейде 1,2 пайызы, Жапонияда -3,1 пайызы бөлініп келді. Дегенмен, қабылданған заң бойынша қаржыландыру көзі 1 пайызға дейін артпақ. Сонымен қатар ғалымдардың орташа жасына келсек, ғылыми жұмыспен айналысатын ғылым докторларының 45 пайызы 60 жастан асыпты. Ал ғылым кандидаттарының 70 пайызы 40-тан асқан. Яғни, ғылымның келешегі үлкен мәселе. Әсіресе, «алтын басты» жастар ғылымда жоқ», - деді сенатор.
Ғ. Есімнің айтуынша, бұл үдерісті қалпына келтіру үшін ғылымды қаржылай қолдауды арттыру керек. «Егер ғылым докторының айлығы 80 мың теңге болса, онымен кімді қызықтыра аламыз?! Заңда ғылымға, оның еңбекақысына көңіл бөлінген. Алайда, бұл әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Мәселен, шеттен келген ғалымдар келісім бойынша жалақына көбірек алады, ал өзіміздің ғалымдарымызға ол жоқ. Ендеше, бұл теңсіздік болашақта жойылғаны дұрыс», - деді ол.
Сонымен қатар сенатор нағыз ғалымның жаңашыл адам екендігін, инновация оның иммундық қасиеті екендігін айтып өтті. Сондықтан да, оның еңбегі жоғары бағалануы керек.