Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Президент Н.Назарбаевтың Жолдауында белгіленген міндеттер талқыланды
СТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бастамасымен болған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген ұлттық бәсекеге қабілеттілікті, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканы тұрақты өркендетуді қамтамасыз ету міндеттері талқыланды.
Мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің мемлекеттік және тәуелсіз құрылымдарының жетекші сарапшылары, жоғары оқу орнының оқытушылары қатысқан жиындағы талқылау барысында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов баяндама жасады.
Жолдаудың стратегиялық маңызын атап өте келіп Қ.Сұлтанов индустриялық-инновациялық даму саласындағы мемлекеттік саясат басымдықтарына жиналғандардың назарын аударды.
«Өнімді өзіміз жасап, өзіне өзі жеткілікті экономика қалыптастыру үшін экономика тетіктерін жұмыс істеуге мәжбүрлеу керек»,-деп атап өтті сенатор.
Сенатордың айтуынша, «бюджетті шикізат ресурстарын сатудан емес, экономиканы әртараптандыру есебінен қалыптастыру керек. Сонда еліміздің алтын-валюта қорын 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндетін орындауға болады».
Шағын және орта бизнеске қатысты басымдықтардың маңыздылығын атап өте келіп Қ.Сұлтанов мемлекет алдында отандық экономикадағы осы сектордың үлесін 40 пайызға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты.
Экономикалық және саяси жүйедегі реформалардың табысты болуы әлеуметтік саланы нығайта түсті. Осыған байланысты сенатор білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ауқымдылығын атап өтті.
Жоғары білім беру жүйесін дамыту мәселелері сенатордың Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушылары және студенттерімен кездесуінде талқыға салынды. Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында алға қойған міндеттерді айта келіп Қ.Сұлтанов мамандар даярлаудағы қазіргі заманғы тәсілдерді енгізуге де тоқталды.
«Жоғары білім берудің сапасы жоғары стандарттарға жауап бере алатындай болуы тиіс», деді депутат.