Ғылыми-зерттеулер орталықтары ғылыми негізге сүйене отырып, тиімді әрі дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Қазіргі таңда біздің елімізде жұмыстарының бағыттары, мақсаттары мен міндеттері, зерттеулер жүргізу салалары мен аумағы әртүрлі көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар.

Ғылыми-зерттеулер орталықтары ғылыми негізге сүйене отырып, тиімді әрі дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі
Олар қоғамымызға қажет және қазіргі заманда олардың маңызы өте зор, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінгі күні солардың ішінде біздің еліміздің әскери қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін арттыру мақсатында зерттеулермен айналысатыны ? Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы (ӘСЗО). Аталмыш орталық 2008 жылы ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес құрылды. Біз бұған дейін хабарлағанымыздай, аталмыш орталық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қорғаныс қабілеттілігін зерттеу саласында тәуелсіз зерттеу институты ретінде қызмет етеді. ӘСЗО-ның Стратегиялық зерттеу департаментінің жетекші ғылыми қызметкері Алуа Жолдыбалинаның пікірінше, негізінен сараптама жасау орталықтары феномен ретінде өз дамуын АҚШ-тан бастау алады. Аналитикалық орталықтар ғылыми негізге сүйене отыра, тиімді әрі дұрыс шешім қабылдауға көмектесіп, мемлекеттің әр саласын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтады. Мемлекетте осындай орталықтардың құрылуы елдің ішкі және сыртқы қауіптерінен туындайды. «Ғылыми зерттеулер орталықтары Қазақстанда 90-шы жылдардың басынан дамып келеді. Олар осы уақытқа дейін мемлекеттегі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларға қатысты сараптамалық жұмыстарды жүзеге асыруда. Қазақстан, сондай-ақ өзге мемлекеттер де өз дамуы жағынан әртүрлі өзгерістерден өтеді. Сол себепті ғылыми негізделген саяси шешімдер қабылдауға мүмкіндік беру, мемлекеттің даму стратегиясын қалыптастыруға қатысу, шұғыл саяси мәселелер бойынша ұсыныстар айту, мемлекеттік бағдарламаларға баға беру, үкіметке мамандарды даярлау, азаматтық қоғамның дамуына әсер ету, халықтың саяси сауаттылығына әсер ету үшін Қазақстанда осындай орталықтарды дамыту қажет», - деді А.Жолдыбалина. «Өз кезегінде, біздің орталық тікелей әскери салада әскери құрылыс пен ғылыми-техникалық үдерісті одан әрі жетілдіру үшін әскери-ғылыми базасын құрумен айналысады. Ол әртүрлі зерттеулер жасап, біздің еліміздің әскери қауіпсіздігін және қорғаныс қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қосуға талпынады. Біздің ұйым жас болғанымен, алға қойған мақсаттары зор», - деп атап өтті ол.