Ғылыми жобаларды іріктеу конкурстарын үздіксіз өткізу керек - форум
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коммерцияландыруға негізделген ғылыми жобаларды іріктеуге конкурстар үздіксіз өткізілуі тиіс. Бұл туралы бүгін Астанада технологияны коммерцияландыру тақырыбына арналған халықаралық форумда Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коммерцияландыруға бір мезеттік жаппай конкурстар өткізуді доғару керек. Әлемдік көрсеткіштерге сүйенсек, инновациялық процесс үшін осындай тәжірибемен жүру қолайсыз болады. Себебі конкурстар үздіксіз өткізілуі тиіс. Менің ойымша, ғылым саласында конкурстар жылдың кез келген уақытында тұрақты түрде өткізілгені дұрыс болады», - деп тоқталды депутат.
Осы орайда Б. Жұмағұлов көптеген батыс елдерінің қорлары аталған тәжірибені іске асырып отырғанын атап өтті.
«Егер жобалар пайда болса, онда олар бірден конкурстар жариялауға тырысады. Сәйкесінше, іріктеу шараларына қарай, жобалар ешбір тежеусіз іске қосылады. Сондықтан осы жайында жұмыстарды нақты пысықтаған жөн болар», - деді депутат.
Сөз соңында Бақытжан Жұмағұлов ЖІӨ-ге шаққанда ғылымды қаржыландыру үлесін көтеру мәселесін Үкімет пен Парламент деңгейінде қайта көтеру керектігін атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, форум барысында сенатор бизнес пен ғылымға қатысты қандай күдігі болғанын айтқан еді.
Сонымен қатар, ол коммерцияландыруға ғылыми жобаларды іріктеу үшін бизнестің қатысуымен жаңа құрылым керектігін сөз етті.
Айта кетейік, жақында Сенатта өткен «дөңгелек үстел» отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда отандық ғалымдардың жобаларына жеке сектордың инвестициясы үш есеге артқанын мәлімдеген болатын.