13:21, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Ғылымның орнықты дамуына мемлекеттің қамқорлығы қажет ? ҰҒА мүшелері
АЛМАТЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақстанда бұған дейінгі қалыптасып қалған ғылымды орнықты дамыту үшін мемлекеттің тікелей қамқорлығы қажет. Бұл жайында бүгін Алматыда ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалымдардың айтуынша, ғылыми мекемелерді қайтадан құру немесе іс-қызметтерін өзгерту олардың көпшілігінің жойылуына әкелді. Солардың ішінде Мемлекет және құқық институты, Мұнай және табиғи тұздар институты, Ғарыштық зерттеулер институты, Астрофизика институты, Минералды шикізат институты бар. Бұл ғылым саласына біліксіз мамандардың келуінен туындап отырған жағдай.«Ғылыми ұйымдарды жекешелендірудің қажеті жоқ. Мұндай дерек ешбір мемлекетте болған емес. Осыған орай, мемлекет басшысынан осы жағдайға назар аударуын сұраймыз», дейді ҰҒА мүшесі, академик Ғаппар Ерғалиев.
Ғалымдар қазіргі Қазақстан ғылымына төніп тұрған қауіпті айтып, тиісті шаралар қолдануды сұрап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдап отыр.