14:18, 13 Қазан 2012 | GMT +5
ҒЗИ-дің 500 маманы Қазақстан Тарихы мұражайында қызмет ететін болады
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорданы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Тәуелсіздік даңғылы мен Ж. Нәжімеденов көшелерінің қиылысында салынып жатқан Қазақстан Тарихы мұражайының құрылыс қарқынымен танысты.
Ғимарат 9,4 гектар аумақта орналасқан 2 мен 9 қабат аралығындағы 7 блоктан тұрады. Мұнда экспозиция, қор мұрағаты, зертхана мен қалпына келтіру шеберханалары болады. Сонымен қатар, 250 орындық мейрамхана, 300 орындық акт залы, 60 орындық мәжіліс залы, 138 орынға арналған кітапхана орналасады. Мұнда 400 мұражай қызметкері мен Қазақстан тарихы ҒЗИ-дің 500 маманы қызмет ететін болады.
Мұражай құрылысы 2011 жылы қаңтарда басталған, жоспар бойынша 2013 жылы пайдалануға берілмек. Жобаның жалпы құны 35,4 млрд. теңге.