ҒЗИ материалдық-техникалық базасын 2015 жылға дейін толық жаңартамыз - Ғылым комитетінің төрағасы

АЛМАТЫ. 27 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Білім және ғылым министрлігі 2015 жылға дейін ғылыми-зерттеу институттарының (ҒЗИ) материалдық-техникалық базасын жаңартып, кадрлық саясатын қайта қарамақ.

ҒЗИ материалдық-техникалық базасын 2015 жылға дейін толық жаңартамыз - Ғылым комитетінің төрағасы

Бұл бүгін Алматыда Халықаралық инженерлік академия президенттер кеңесінің Қазақстанның ғылыми инженерлік қоғамдастығы өкілдерімен кездесуі кезінде айтылды.

"Біз Қазақстандағы ғылымның қазіргі жай-күйіне мониторинг жүргіздік. Ол мені қатты қайран қалдырды. Ғылыми-зерттеу институттарының барлық құрал-жабдықтары моральдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да әбден тозған. Ал ондағы ғалымдардың 60 пайыздан астамының орта жасы 55-пен 60-тың аралғында. Бұл жағдай қазір тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемдік ғылым саласындағы ортақ мәселе болып отыр", - дейді ҚР Білім және ғылым минстрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков. Оның айтуынша, жастарды ғылымға тарту үшін оларға кеңестік дәуірдегідей әлеуметтік жағдай жасау жоспарлануда. Бұл үшін 2015 жылға қарай ғылымды қаржыландыруға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына, яғни 300 миллиард теңгеге (2 миллиард $) дейін ұлғайтылмақ.