Х. Карзай: АҚШ-тың Ауғанстанға пайдасынан гөрі зияны тиді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан президенті Хамид Карзай АҚШ әскерилерінің Ауғанстанға пайдасынан гөрі зиянын тигізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды РБК.
«Осы 12 жыл бойы біз Америкадан азаматтық тұрғындарға адам деп қарауын өтінумен келдік», - деді ол британиялық Sunday Times басылымына берген сұхбатында американдық әскердің әрекетінің нәтижесінде көптеген бейбіт тұрғындардың жапа шеккенін алға тартып. Х.Карзай соңғы 7 айда АҚШ президенті Барак Обамамен тіпті сөйлеспегенін де атап өтті. «Біз соңғы рет Оңтүстік Африкада Нельсон Манделаның жерлеуінде кездестік, бірақ тіл қатыспадық. Тек хат алмасып тұрдық», - деді Ауғанстан президенті. Сондай-ақ, АҚШ жетекшілік ететін НАТО қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссиясын сәтсіз орындады. Оның ішінде, Гильменд аймағындағы жұмысын ерекше атап өтуге болады деді ол. Британиялық газеттің: «Британиялық әскердің сол жерге бармағанында жағдай жақсырақ болар ма еді?» деген сұрағына Х.Карзай «Менің ойымша солай болар еді. Иә, анық солай болар еді» деп жауап берді. Sunday Times атап өткендей, Ауғанстан президенті бұл сөздерімен және сұхбатта талибтерді «бауырлар» деуімен ағылшын қауымының наразылығын тудырды. Жалпы алғанда Ауғанстанда 447 британиялық әскери қаза тауып, 2 мыңнан астамы жарақат алды. Х.Карзай 2014 жылы сәуірде өтетін президент сайлауынан кейін отставкаға кетеді.