Х.Қожа-Ахмет кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін ОСК-ге өтініш берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш берді.
Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет 1949 жылы 9 тамызда Алматы облысы Ақсу ауданы Матай кентінде дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-публицист, сазгер, қоғам қайраткері. 1972 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1993 жылы ҚазМҰУ-ды тәмамдаған. 1990-1993 жылы "Желтоқсан" қоғамдық қозғалысын басқарды. Кеңестік тоталитарлық жүйеге, ұлт саясатындағы теңсіздіктерге қарсылық білдіріп, 1977 және 1987 жылы саяси айыппен сотталды. Публицистика саласында қалам тартып, 200-ден астам мақала жазды. 300-ге тарта ән мен музыкалық аспаптарға арналған 50 шақты шығарманың авторы. 2000 жылы "Құрмет Белгісі" орденімен марапатталған.
Айта кетейік, бүгінде үміткерлердің саны 24 адамға жетті. Оның 22-сі сайлауға өзін-өзі ұсынғандар, ал екеуін, атап айтқанда, Н.Назарбаевты «Нұр Отан» партиясы, ал Т.Сыздықовты Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынған. Қазіргі уақытта олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексеріліп, кейбірі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үстінде. Мәселен, 8 үміткерді тіркеуден бас тартылды. Олардың 2-еуінің жасы Конституцияға сәйкес сайлауға түсу жасына толмаған. 6-уы лингвистикалық комиссия сынағын тапсыра алмады. 4 адам лингвистикалық комиссия сынағын тапсырды. Олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексерілді. Олар қазіргі уақытта сенімді тұлғаларын тіркеп, қол жинаумен айналысуда.