«Хабар» Агенттігі» АҚ жаңа телемаусымын ашты
Жаңа телесериал заманауи қалалық қазақы отбасындағы жағдайларға құрылған мелодрама. Сценарий авторлары Ләйлә Ақынжанова, Александр Кан, Михаил Беляков. Қоюшы-режиссерлері Бақтияр Сейітқазиев пен Айбек Дайырбеков. Фильм «Астана телефильм» компаниясының өнімі болып табылады.
«Бұл маусымда біз кинокөрсетілімдерге көп көңіл бөлетін боламыз. Эфирде экшн да, әлемдік классика да болады. Бірақ біз бастама ретінде осы «Жаным» телетоптамасын алдық. Сонымен бірге, «Ел арна» телеарнасында «Ашық пошта», «Шіркін, Life» бағдарламаларын шығардық. Келер аптада «Бәрі есімде» тележобасы көрерменмен қауышады», деді «Хабар» Агенттігі креативті директоры Ержан Сүлейменов.
Киносыншылар «күздің басты оқиғасы» деп баға берген бұл телехикая отбасымен отырып көретін шым-шытырық оқиғалар желісі. Онда Әбеновтер жанұясы қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Құпиялы, терең сұрақтарға жауап іздейді.
«Бұл телехикаяда үш ұрпақ өкілдерінің тоғысуы көрсетілген. Әр түрлі жағдайларға тап болатын отбасы өмірін көрсетумен бірге өмірдің барлық сұрақтарын қамтуға тырыстық», дейді Л. Ақынжанова.
Қатысушылардың айтуынша, жаңа жоба қыркүйектің 13-інде экранға шығады деп жоспарланған.