«Хабар» арнасының директоры қызметіне Ринат Кертаев тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасының дамуына үлес қосып келе жатқан Ринат Думанұлы Кертаев арна директоры болып тағайындалды. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін «Хабар» Агенттігі» АҚ ұжымына оны агенттіктің басқарма төрайымы Алмагүл Ауғалиқызы Ахметжанова таныстырды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, ТМД-нің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі төсбелгісінің, сондай-ақ ҚР Президентінің Гранты сыйлықтарының иегері Ринат Думанұлы Кертаев 1983 жылдың 23 сәуірінде Жамбыл облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 2006 жылы «Хабар» арнасында қазақ тіліндегі ойын-сауықтық бағдарламалардың продюсері ретінде бастады. 2010-2011 жылдары жаңалықтар бөлімінде редактор-талдамашы қызметін атқарды. 2011 жылы «Хабар» арнасы бағдарламалар дирекциясының бас продюсері лауазымына тағайындалды.