«Хабар» телеарнасында - «Жігіт сұлтаны» жобасы

Сайысқа қазылық ететін төрешілер: Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, қоғам қайраткері - Мақсұт Нәрікбаев, Астана циркінің өнерпазы, білікті акробат - Ерлан Әзизов, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, актер, әнші - Сайлау Қамиев.
Көрерменге құлаққағыс, осы бағдарламада түсірілім алаңында ешкім күтпеген тосын жағдай орын алған болатын. Қатысушылырдың бірі сахнаға шығып өнерін көрсетіп бастаған кезде... талып қалды. Бұл жайттың соңы не болғанын «Хабар» арнасының тұрақты көрермендері 1 маусым күні, кешкі сағат 22.20-да білетін болады...
Байқау туралы пікір көп. Талғамға талас жоқ. Сондықтан, мазмұндары да әртүрлі. Мәселен, танымал продюсер, «Ел арна» телеарнасындағы «Қазақ аруы» сайысының ұйымдастырушысы Баян Есентаева - мынадай пікір айтады: «Жігіт сұлтаны» - мазмұн жағынан да, құрылым жағынан да, түсірілім жағынан да ерекше жоба. Сондықтан, оның көрермені аз дегенге сенбеймін. Кір тасын көтеріп тұрған азаматтың білім деңгейін тексеру де, ақынжанды романтик жігіттің күшін сынау да қызық, менің ойымша. Бүгінде жастар еліктейтін ұлттық образ жоқ. Ол образ әншілерден ары аса алмай жатыр. Сондықтан, бұл жобаның идеологиялық мақсатта берері, ер азаматтарға үйретері көп».
Елімізде жылына ондаған байқаулар өткізіледі. Олардың бірі арнайы салаларға арналса, екінші бірі жекелеген қабілеттерді сынап көруді мақсат етеді. Олардың қатарына «Мисс Казақстан», «Қазақстан топ-моделі», «Қазақ аруы», «Қазақ ханшайымы» және т.б. байқауларды жатқызуға болады. Өкінішке қарай осы ұзын-сонар конкурстардың ішінде тек ер азаматтарға ғана арналған сайыс болмай келді. Тек сонау 1993-1994 ж.ж. сондай сайыс өткізіліп, соның нәтижесінде жұлдызы жанған азаматтар ретінде М.Әуезов атындағы академиялық театрдың әртісі, актер Жалғас Толғанбайды, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Махмұт Тойкеновті, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының актері Сағаділдә Үсібәліні білеміз.
Телевидение тарихына енген осы бір жобаны еске ала отырып, өзінше шабыттанған «Хабар» арнасы ержүректілік мен ер мінезділіктің, дарындылық пен жігерліліктің сайысы «Жігіт сұлтаны» атты жаңа жобаны қолға алып, бүгінгі таңға дейін қалың көрермен бұл байқаудың алғашқы бес сайысын тамашалап үлгерді.
Бірінші іріктеу туры негізгі конкурстан екі ай бұрын жүрді. Оған сайыс талабына сай келген барлық ер азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Бағдарлама қатысушыларына қойылған басты талаптар: жасы 18 бен 29 аралығында, бойы ұзын, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, қазақ дәстүрі мен тарихынан сусындаған, өнерлі, әрі спортпен шыныққан азамат болу. Осы үдеден шығады-ау деген, топ жарып, суырылып шыққан 16 жігіт 6 шілдеге дейін жалғасатын сайыстық бағдарламада өз бағын сынап көруге мүмкіндік алды. Дайындық кезеңінде ол жігіттер қабілет-қарымдарын шыңдап, жаңа дүниелер үйренеді. Әсіресе ерекше атап өтерлік жайт, ұлттық салт-дәстүрге деген қабілеттілік пен бейімділік машықтары бірінші кезекті тұрмақ. Үміткерлердің әр бағдарламаға дайындық барысы да түсіріліп алынып, көрермен назарына ұсынылып келеді. Әр бағдарламадан соң бір үміткер бағдарламадан шығып отыратындығынан да көзі қарақты көрермен хабардар. Бүгінге дейін таныстыру, ән сайысы, спорттық бәсеке, актерлік шеберлік, ұлттық қолөнер сайыстары эфирге шығып үлгерді. Алда ерекше өнер сайысы, «Ат - ердің қанаты» сайысы, би жарыс, ептілік пен тапқырлық бәсекесі және ұлттық ойындар жарысы күтіп тұр. Ақтық бәсекеде 6 азамат додаға түсіп, жеңімпазға темір тұлпардың кілті табыс етілмек.
Жігіттің сұлтаны атануға үміткерлер тек қана сырт келбеті мен сымбатына иек арта алмайды. Қазылар қатысушылардың өнерін бағалап, ақылын, тапқырлығын сынайды. Қазылар алқасы - әр сайыстың майталмандары, өз саласына сай баға беріп, үздіктердің үздігін анықтап келеді. Мәселен, ән сайысында опера саңлағы Сүндет Байғожин, эстрада жұлдызы Толқын Забирова қазылық етсе, спорт бәсекесінде Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибрайымов пен Бақтияр Артаев төрешілік етті. Өткен аптада көрермен тамашалаған қолөнер сайысында тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Асылхан Бекенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші-зергер Берік Әлібай және «Қазақ оюлары» компаниясының президенті Толғанай Елекбаева әділ бағаларын берді. Осының өзі әр сайысқа жалпылама көзқарасын білдіретін емес, нақты кәсіби тұжырымын айта алатын нағыз мамандар қатысып жатқандығының айқын көрсеткіші болса керек.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері, жоба жетекшісі:
«Жігіт сұлтаны» жобасы - қазақстандық көрермендер үшін тың, жаңа, күтпеген бағдарлама. Алдыңғы буын өкілдеріне де, кейінгі буын өкілдеріне де қызықты болатын жоба. Бағдарламаның әр саны әр түрлі өнер түріне арналады, сонысымен қалың көрерменді еліктіріп отырады деп ойлаймыз. Төл жобамызда ұлттық нақыш пен заманауи талаптар жақсы үйлесім тапқандықтан, жігіт төресін анықтайтын бұл байқау телевидение айдынында өзінің лайықты орнын алады деп үміттенеміз.
Назым Басқынбаева, «Жігіт сұлтаны» республикалық телебайқауының продюсері:
«Жігіт сұлтаны» ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен төл жоба болғандықтан, барша көрермен күткен қолөнер сайысы да, ұлттық ойын түрлері де, аттың құлағында ойнайтын бағдарлама да, би сайысы мен білім жарысы, бәрі-бәрі біздің жобамызда қамтылған дүниелер. Ақтық сынға шыққан жігіттерге келсек, олардың арасында сегіз қырлы бір сырлы актер мен әншілерден өзге әскери қызметкер де, ұстаз да, заңгер де бар. Сондықтан, әр апта сайын болатын конкурстық бағдарламаларды тамашалап, шын жүйрікті бірге таңдайық дегім келеді. Енді ғана қанат қаққан төл жобамыз еліміздегі жастар қауымымен қоса, алдыңғы буын өкілдеріне де ой сала алатын дүние болады деп үміттенеміз. Жастарымыз өз замандастарының басты кемшіліктерін көріп, өз бойынан соның белгілерін жояды ғой деген үміт те жоқ емес. Ақтық сында кім жеңіске жетсе де, ең басты нәрсе айқын: бұл қазақ азаматтарының сыны болғандықтан, ең алдымен қазақтың мәдениеті мен азат рухы, салт-дәстүрі мен тың идеялары жеңіске жетеді деп сенім білдіргім келеді.
Алма Сайлауқызы, «Жігіт сұлтаны» республикалық телебайқауының атқарушы продюсері: «Жігіт сұлтаны» жобасы басталғалы бері іріктеуден өткен 16 жігіт жан-жақты шыңдалып кетеді. Олардың әрқайсысы да нағыз қазақтың азаматы деп атауға лайық дарынды, сегіз қырлы бір қырлы жігіттер дер едім. Кей үміткерлер бұрын соңды байқап көрмеген саланың қыр-сырын меңгеріп жатса, кей үміткерлер сол сыналу барысында өзінің бойынан жаңа қасиеттер мен қабілеттерді «аршып» алып жатыр. Осындай сыннан өткен, ел үмітін арқалаған тарландар болашақта алаштың арқа сүйер азаматтарына айналады деп ойлаймын.
http://khabar.kz/kz/programms/program/Jegit_sultany
http://vk.com/zhigitsultany