«Хабар» телеарнасының наурыз айындағы тұсаукесерлері

АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасы Наурыз  мерекесіне орай көрермендеріне бірқатар жаңа бағдарламаларының премьераларын ұсынады.

«Хабар» телеарнасының наурыз айындағы тұсаукесерлері

18 наурыз күні «Хабар» арнасында  «Чемпион» атымен  жаңа спорттық-сауықтыру думанының  тұсауы кесіледі.

Шаршы алаңға танымал әншілер, театр және кино актерлары, цирк әртістері мен тележүргізушілер шықпақ. Былғары қолғап өнерін бір адамдай меңгерген 16 шебердің қатарында: Ринат Малцагов, Арыстан Мырзагереев, Шамси, Азамат Сатыбалды, Ренат Баситов, Айқын Төлепберген, Әнуар Шымырқұлов, Әсет Мәжімбеков, Жасұлан Дәрібаев, Еркін Мәуленов, Ернар Жұматаев, Жанатбек Бәйтеков, Бағлан Жолдасов, Берік Айтжанов, Бағлан Әбдрайымов, Дастан Оразбековтер секілді азаматтар бар. Рингтегі жүргізуш - Владимир Рерих, ал комментатордың міндетін Арман Дүйсенов атқарады.

Бағдарламаның әр шығарылымында көрермен 4 жекпе-жектің куәсі болады. Әр матч әрқайсысы 1,5 минуттан тұратын 3 раунд жүйесінде өткізіледі. Сынға қатысушылар - ауыр және жеңіл салмақ дәрежесіне қарай сұрыпталған. Турнир «барлық қатысушының өз ара кездесу міндеттілігі» жүйесінде өткізіледі. Жекпе-жектер қортындысы бойынша ең көп жеңіске жеткен екі боксшы жартылай финалға шығады. Үшінші - төртінші үшін өткізілетін ұрыстардың қатысушылары да жеңіс саны бойынша анықталмақ. 

Жобаның авторлары Қазақстанның спорттағы табыстары, атап айтқандағы бокстағы жетістіктеріміздің жастардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын таңдау және патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал етеріне сенім білдіреді.

Спорттық-телевизиялық рингтегі Чемпион атағына өнер адамдары есебінде танылғандықтан да көпшілікке жандары нәзік, көңілдері жұмсақ секілді көрінер азаматтар таласады. Бұл таласта шығармашылық адамдарынан төзімділік пен табандылық талап етіледі. Сынға түскен 16 шебер өздерін, қажет болса жақындары мен туған елін деқорғап қалуға қабілетті екендіктерін дәлелдейді.

Рингке шыққан әрбір боксшы тартысты талас арқылы кімнің соққысы жойқын, қайтпас қайсар екенін анықтайды. Шаршы алаңдағы ымырасыз бәсекеге қатысар алдында барлық қатысушы бокс өнерінің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берген тыңғылықты дене шынықтыру және теориялық дайындықтан өтті. Жаттығу жұмыстарына жетекшілік жасаған Республикаға еңбегі сіңген бапкер Давид Костоев.

Телевизиялық бокс жекпе-жегінің Чемпионы атағын кім жеңіп алады? Әр жексенбі күні сағат 19.00 да «Хабар» арнасындағы  «Чемпион» спорттық - сауықтыру думанын тамашалаңыздар!

Наурыз мерекесіне арналған сый-тарту. «Алдар Көсе» телехикаясы.

Дала кезіп, талай қызыққа себепші болған Алдар жайлы кім білмейді? Ел арасында аңызға айналған сүйікті кейіпкер жайлы жаңа телехикая қазақ тілінде көрсетіледі. Тілді меңгермеген көрермендер үшін хикая түсінікті болу үшін субтитрлар салынған. Фильмге Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актерлары түсті. «Алдар Көсе» «Хабар» Агенттігінің туындысы.

20 наурыз.  «Құдіретті Сүлеймен».

Тартымды, бояуы мол, костюмді драмаға негізделген түрік телехикаясында Осман империясының негізін қалаушылардың бірі, тарихта Құдіретті Сүлеймен атымен қалған сұлтанның өмірі жайлы баяндалады. Сыншылар бұл көпсериялы фильмді телевизиялық ұлы туындылардың санатына жатқызады.

21 наурыз. «Бірлігіміз жарасқан» - «Наш общий дом» мерекелік жобасының тұсаукесері.

Бағдарламада алып қаладағы аулалардың бірінде орналасқан бір үй тұрғындарының өмірі жайлы баяндалады. Түрлі ұлт, түрлі кәсіп, әртүрлі жастағы, өмір жайлы көзқарастары әралуан жандардың басын біріктірер бір ұғым - олар бір үйдің, бір қаланың  және Қазақстан атты елдің тұрғындары. Демек, бұл үй тұрғындарының тіршілігі - тұтас бір ел тірлігінің: мүдде ортақтығы, өзара үндестік, ортақ қуаныш пен қамқорлық, тығыз қарым-қатынастың көрінісі. «Бірлігіміз жарасқан» бағдарламасында өз саласында толағай табысқа жеткен: мәдениет, спорт, шоу-бизнес өкілдері шағын эпизодтарда өздерін өздері сомдайтын болады.

23 наурыз. «Хабарstars» тележобасының тұсаукесері

Отбасылық көрсетілімге арналған «ХабарStars» сазды хабары эфирде «Дудар-ай» сауықтық бағдарламасының орнына келеді. Ел арасында жасы егде тартқан көрермендердің қазіргі музыкалық ағымдар мен бағыттарға наразылық білдіріп, өз заманындағы әуендерді мақтайтыны жасырын емес. Әрине, жастардың мұндай пікірлерге өз айтарлары бар. «ХабарStars» жобасында осы мәселе кеңінен талқыланады. Бағдарлама мақсаты - қос буын өкілдерінің арасындағы талас, ата-ана мен баланың талғамға, қай ағымның, қай дәуір музыкасының мағыналылығына қатысты пікірлерін анықтап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін табу. Өзара түсіністікке қол жеткізу, бір-бірлерінің таңдауын бағалау.

Бағдарламаға тек Қазақстан эстрадасының жұлдыздары шақырылады. Хабарда тек халық әндері шырқалмақ!