Хабиб Нурмагомедов Шавкатты чемпиондыққа лайық көрмей ме

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC 310 жарысының аясында ирландиялық Иэн Гарриді жеңген соң келесі жекпе-жегінде тегі палестиналық Белал Мұхамедпен чемпиондыққа таласуға тиіс.

Хабиб Нурмагомедов пен Шавкат Рахмонов
Фото: sports.kz

Алайда жуырда UFC-дің жеңіл салмақтағы экс-чемпионы, танымал дағыстандық Хабиб Нурмагомедов Белалмен жекпе-жек өткізуге қазақстандық емес, нигериялық Камару Усман лайық екенін жеткізді.

Дегенмен Kazinform тілшісіне Шавкат Рахмоновтың өкілі Бауыржан Өтәлиев экс-чемпионның пікірі негізсіз екенін айтты.

– Келесі жекпе-жек міндетті түрде Шавкат Рахмонов пен Белал Мұхамед арасында жартылай орта салмақ чемпиондығына талас ретінде өтеді. Біздің шамалауымызша, сәуір, мамыр не маусым айында болуы керек. Менің ойымша, Шавкат Белалды уақытынан бұрын жеңе алады, – деді ол.

Сонымен қатар Өтәлиев осының алдында Белал жарақатын сылтауратып, Шавкатпен жекпе-жекке шықпай қалғанын еске түсіре келе, Хабиб Нурмагомедовтің пікіріне келіспейтінін сөз етті.

– Белал Хабиб Нурмагомедовтің командасымен бірге жаттығады. Олар кейде айлаға барудан қашпайды. Уақыт өткізеді, өздеріне ыңғайлы сәтті күтеді. Шавкаттың потенциалы қаншалықты мықты екенін олар жақсы біледі, сескенеді. Олардың айтуынша, чемпиондыққа таласты Белал Шавкатпен емес, Камару Усманмен сарапқа салу керек екен.

Білесіз бе, олар тек оңай нұсқаны таңдап отыр. Белалмен шығуға Камару Усманның өзі де келіспейді. Кейінгі 3 кездесуінде Усман жеңіліп қалған, – деді Dar Pro Team командасының жетекшісі.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.

Сондай-ақ Шавкат Рахмонов неге ирландиялық қарсыласы Иэн Гарриды әрең жеңгенін де түсіндірген болатынбыз

Соңғы жаңалықтар