Хакасияда бүгін Аза тұту күні
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясының Хакасия Республикасында бүгін - Аза тұту күні. Бүгін Саян-Шушенск су-электр стансасындағы апатта қаза болғандар еске алынады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша, ГЭС апатының салдарынан 12 адам қаза тапты, 14 адам жараланды. Стансаның тағы 64 қызметкері із-түзсіз жоғалып отыр.
Ресублика үкіметінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, бүгін Хакасияның барлық аумағында мемлекеттік жалаулар түсіріледі, мәдениет мекемелері мен телерадиоарналар ойын-сауық шаралары мен хабарларын тоқтатады. Сондай-ақ, осынау қайғылы оқиғаға байланысты тамыздың 22-сіне жоспарланған Хакасияның елордасы - Абаканның қала күнін тойламау туралы шешім қабылданып отыр.
Ал Саян-Шушенск стансасында іздестіру-құтқару шаралары әлі жалғасуда. Дегенмен, құтқарушылар апаттан кейін із-түзсіз жоғалғандар санатына жатқызылып отырған адамдардың тірі табылуы мүмкін емес деп санайды.